ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау, сондай-ақ, оның аясындағы жобаларды ілгерілету бойынша елімізде түрлі шаралар өз деңгейінде өткізіліп келеді. Жақында Елбасының аталмыш бағдарламасын облыс көлемінде дәріптеп, еліміздегі Жастар жылы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын жүзеге асыру мақсатында Райымбек ауданы Қарасаз ауылы мен Шалкөде жайлауында «Ұлы дала елінің қонақжай қасиеті» атты мәдени-көпшілік шарасы ұйымдастырылды.
Шілде айының 13-14 күндеріне орай жоспарланған мәдени басқосу аясында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқудан облыстық байқау мен «Қымызмұрындық» мерекесі өткізіліп, онда әр этнос өкілдерінің жастары бой көрсетті. Облыстық деңгейде өткізілген шара барысында өз өнерлерін сынап, өңірдің атын таныту мақсатында ауданымыздың атынан Қошмамбет орта мектебінің мұғалімдері Эльнара Таштанова мен Фатма Сарванова арнайы қатысып, жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бойындағы өнерлері арқылы үлестерін қосты десек, артық айтқандық емес.
«Ұлы дала елінің қонақжай қасиеті» атты мәдени-көпшілік шараның алғашқы күнінде ауданнан, қаладан келген барлық қатысушылар алдымен Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасаз ауылындағы әдеби-мемориалды музейін аралады. Одан кейін жоғарыда айтып кеткеніміздей, мұзбалақ ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан Мәдениет үйінде өткізілген байқауда бақтарын сынады. Жарыстың шартына сәйкес әр қатысушы автордың екі өлеңінің бірін ана тілімізде, екіншісін өзге тілде мәнерлеп жатқа айту керек. Біздің ауданның абыройын арқалаған қос аруымыз Эльнара мен Фатма да өлең оқу бойынша өз өнерлерін ортаға салып, поэзияға жаны жақын екендіктерін байқатты. Мәселен, Эльнара Таштанова Мұқағали Мақатаевтың «Дос болам десең…» деген өлеңін қазақ тілінде мәнерлеп жеткізіп, ақынның «Автограф» деп аталатын жыр-шумақтарын орыс тілінде тебіреніспен оқыды. Ал, Фатма Сарванова болса, Хантәңірінің мұзбалағына айналған Мұқаңның «Шыда, шыда» өлеңін жатқа айтса, автордың «Үш бақытын» орыс тілінде ерекше мәнерде оқып берді.
Облыстық көлемде ұйымдастырылған Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқу байқауының нәтижесі бойынша аудан атынан барған әзірбайжан аруы Эльнара Таштанова ІІІ дәрежелі дипломға ие болса, түрік халқының қызы Фатма Сарванова арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Қазақтың маңдайына біткен Мұқағали Мақатаевтай лирик ақынның өлеңдері осылайша этнос жастары арқылы насихатталып, шоқтығы биік жыр-шумақтары көпшілікке қос тілде жеткізілді. Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар шараның алғашқы күнінде марапатталып, екінші күнінде қазақтың қонақжайлығын әспеттейтін «Қымызмұрындық» мерекесі ұйымдастырылды. Оның аясында ұмыт қалған дәстүрлерді жаңғырту, қазақ мәдениетінің маңыздылығын таныту және ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізілді. Біздің Эльнара мен Фатма да осы шараға көрермен ретінде қатысып, қымыздың қасиетін сипаттайтын мереке барысында қазақтың салт-дәстүрі туралы тағылымды ойларға қанық болды.
Жалпы, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мақсат-міндеттерін жүзеге асыру барысында осындай этносаралық татулықты, өнер мен әдебиет көкжиегін кеңейтетін, қазақ халқының мәдени мол мұраларын дәріптейтін көпшілік шаралардың өткізілуі керек-ақ. Бұл ретте, әрине, ұйымдастырушылыққа ұйытқы болған Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының және Райымбек аудандық әкімдігінің еңбегі зор деп білеміз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.