Жақында, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың төрағалығымен, аудандық Жастар істері жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Аталмыш кеңестің мақсаты – жастар саясатын жүзеге асыру, олардың проблемаларын шешу жолдарының тиімді механизмдерін табу, нақты жүзеге асыру болып табылды. Жиынға кеңес мүшелері, бөлім басшылары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Алдымен Жандарбек Ермекұлы жастардың қай заманда болмасын елдің ертеңі, үміт артарлары екендігін айта келіп, мемлекет те жастарды әр кезде қолдауға даяр екендігін жеткізді. Осының нәтижесінде елімізде жастар саясатына қатысты түрлі іс-шаралар қолға алынып жатқандығын да еске салды. Осыдан кейін сөз кезегі аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жетекшісі Аида Акшаловаға беріліп, ол ауданымызда денсаулық сақтау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, білім, рухани-адамгершілік тәрбие бағытында семинарлар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, акциялар, өтетін сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша атқарылып жатқан бірқатар іс-шаралар туралы айтып өтті.
Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Эльмира Тасырова «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Еңбек бағдарламасы» аясында жастарды жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндаса, Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы Жұлдыз Бейсембаева жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімеледі. Кеңесте жастар тарапынан қордаланып жүрген мәселелер нақты айтылып, көптеген сауалдар да қойылды. Ауданымыздағы жастар саясатын жүзеге асырудың тиімді тәсілдерін нығайту мақсатында кеңес мүшелерінің ұсыныстары да ескерілді.
Жиынды қорытындылаған Жандарбек Ермекұлы атқарылған жұмыс қашанда нәтижелі болуы қажеттігін қадап айтып, ең бастысы оның сапасына баса назар аударылу керектігін тілге тиек етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.