Қадірлі, қарасайлықтар, ардақты ағайын! Сіздерді Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл, шын мәнінде, мәртебемізді көтеріп, мерейімізді өсіретін ел өміріндегі ең елеулі мерекенің бірі.
Осыдан жиырма бір жыл бұрын Қазақстанның бас қаласы алып Алатаудың баурайынан Сарыарқаның сайын даласына көшірілді. Бұл Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың байыпты бастамасымен жүзеге асқан тамаша оқиға, тарихи ерлік еді. Содан бері ол тәуелсіз мемлекетіміздің орталығы ретінде бүкіл дүние жүзіне де жақсы танылып келеді.
Қазіргі кезде әлемдік және ұлттық сәулет өнерінің ең озық үлгілерін бойына жинақтаған еңселі Елордамыз тәу етер тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаштың асқақ айбары болып отыр.
Иә, жаңа бас қаламыз жаңа Қазақстанның жарқын бейнесі ретінде де жанымызды жаздай жадыратады, көңілімізге күндей нұрын төгеді. Жалпы, бас қаламыз, шынымен де, өзге жұрттар қызыға көз тігетін, әлемдік деңгейдегі аса маңызды мәселелер талқыланатын орнықты орталыққа да айналғаны рас.
Нұр-Сұлтан қаласы күні мерекесі құтты болсын! Ұлы даладағы Мәңгілік елдің алып шаһары жасай берсін! Баршаңызға да амандық-саулық тілеймін!