Жуырда, ауданымызда әлеуметтік жағдайы төмен қыз-келіншектер мен көп балалы аналарға арналған тегін мамандық курстарын меңгертетін, Әйгерім Түлкібаеваның орталығы алғашқы тәлімгерлеріне кәсіптік білімін растайтын куәліктерін тапсырды.
Салтанатты жиынға арнайы қатысқан Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев куәліктерді өз қолымен табыстап, әрі қарай кәсіптерін бастап, жетілдіруге сәттілік тіледі.
– Қаламызда күн санап түрлі саладағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын жұмыстар жүргізіліп келеді. Әйгерім Кабировнаның мемлекеттік бағдарлама арқылы ашқан орталығының көпшілікке пайдасы тиеді деген ойдамын. Өйткені, мұндай мекеменің ауданымыз бойынша алғаш рет қолға алынып, жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өтуіміз керек. Бүгін жаңа мамандық алған барша нәзік жандарға өз кәсібін бастауда ақ жол тілеймін! – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, шара барысында сөз сөйлеген аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының маманы Елена Константинова мен аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Мадина Алимова орталықтың жақсы нәтиже көрсеткенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасайтындықтарын айтты.
«Aigerim Kabirovna» деп аталатын бұл салалық дамыту курсын оқытатын мекеме Қаскелең қаласындағы «Jetisu» кешенінде орналасқан. Алғашқысында ниет білдірген 72 қатысушының 66-ы толықтай барлық кезеңдерді өтіп, сынақты тапсырған екен. Атап айтқанда, «Тырнақ күтімінің шебері», «Бет әрлеуші», «Шаштараз», «Кірпік жабыстыру шебері», «Қас бояйтын маман» бағыттары бойынша өз білімдерін жетілдірген. Енді келесі кезеңдерге жаңа топтар жинақталуда.
Бұрым ОРЫНБАСАР.