Арыс қаласын қалпына келтіру жұмысына жетісулықтар барынша атсалысып жатқаны жайлы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтып өтті. Бұл туралы облыс басшысы журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
– Жергілікті қазынадан 1 млрд теңге бөлініп, нақты жұмыс жоспары жасалынуда. Яғни, біздің аймаққа берілген №15 учаскедегі 857 нысанның ішіндегі бізге тиесілі 157 жекеменшік тұрғын үйді қайта қалыпқа келтіру жұмыстары басталып кетті, – дейді облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы.
Одан бөлек, облыс тарапынан fрыстықтарға көмек ретінде осы қаланың 150 мектеп оқушысына бір ай бойы жер жәннаты Жетісуда тегін демалып қайту мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Нақты айтқанда, шілденің 10-нан бастап Еңбекшіқазақ ауданындағы «Тау Жанашар» және Қапшағай қаласындағы «Күншуақ» лагерлерінде тыныға алады. Балалардың демалысын қамтамасыз ету барысында оларға арнайы бағдарламалар құрастырылып, моралді-психологиялық жағдайларын қалпына келтіру жағы да алға қойылып отыр. Бұл қайырымды іске бюджеттен 30 млн теңге бөлінген.
Жалпы, облыс көлемінде 53 гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылған. Ал, бұл қайырымды іске мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар және облыстың қарапайым тұрғындары да атсалысуда. Соның нәтижесінде арыстық ағайындарға жалпы құны 60 млн теңгеден асатын 10 автокөлік және азық-түлік, киім-кешек, сондай-ақ, түрлі құрылыс заттары жеткізілуде. Қайырымды іс әлі де жалғасын табатын болады.