Дүйсенбі күні аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, оның жұмысын кеңес төрағасы С. Мәсімақынов жүргізіп отырды.
Күн тәртібі бойынша Сағат Ұлтарақұлы алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзі жайында жан-жақты баяндап, осы орайда баса мән берілетін аса маңызды он бағыт туралы кеңінен әңгімеледі, олардың нақты жүзеге асырылуы халықтың тұрмысын жақсартатынын, мемлекеттің дамуын жеделдететінін атап айтты. Кеңес мүшелері де осы мәнді мәселелерді тұрақты назарда ұстауы қажеттігін алға тартты.
– Мемлекет басшысы, – деді ол өз сөзінде, – алға өте үлкен, аса ауқымды міндеттер қойып отыр. Олардың нақты жүзеге асуы бүкіл халықтың жағдайын әлдеқайда көтеретіні, елді алға бастыртып, дамытатыны анық.
Келесі кезекте «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңадан іске қосылған балабақшалардың сапасы, бөлінген қаражатты тиімді пайдалану, игеру және материалдық-техникалық базамен, әсіресе, бейне аппараттармен қамтамасыз ету туралы» аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Әсет Нұрекеновтың есебі тыңдалды. Ол осы орайда іске асырылып жатқан жұмыстар жайында әңгімелеп, өзіне қойылған көптеген сұраққа жауап берді. Кеңес мүшелері тарапынан бұл ретте бірқатар орынды пікір білдіріліп, нақты ұсыныстар айтылды.
Мұнан кейін «Малдың жұқпалы ауруларының алдын алу бойынша өткізілген іс-шаралар, қаңғыбас иттерді аулау туралы» аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серік Иманқұлов есеп берді. Ауданда малдың жұқпалы ауруларының алдын алуға арналған іс-шаралар, вакцинациялау жүз пайызға орындалған. Ірі және ұсақ малдың бруцеллезін зерттеу ісі де жүз пайызға атқарылған. Аудандық ветстанция, округтерде ветеринарлық пункттер жұмыс істейді. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстап-жоюмен үш адамнан тұратын бригада айналысады. Бұл мәселе жөнінде кеңес мүшелері Аян Айтжанов, Мәкен Ахметов, Сағындық Жылқыбаев сөйлеп, істі ары қарай да жүйелі жалғастыру керек екенін атап көрсетті.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – «Тұрғындар алдында бір жылдық есеп беру кезінде Жамбыл ауылдық округінің және Ұмтыл ауылдық округінің әкімдеріне берілген талап-тілек, тапсырмалардың орындалу барысы туралы» округ әкімдері Тұрарбек Ташов пен Ришат Құлыншақовтың есептері тыңдалды. Округ әкімдері өткен есеп беру жиналыстарында айтылған ұсыныстарға, өтініштерге байланысты атқарылған жұмыстары жөнінде кеңінен баяндап берді. Кеңес мүшелері Аян Айтжанов, Сағындық Жылқыбаев, Ақшолпан Марат, Әмина Абдраманова аталған мәселеге қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Кеңес отырысында қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.