Жан-жақты көрсетіліп отырған мемлекет қолдаулары бүгінде еліміздегі кәсіпкерлік саласының дамып, оның қоғамдағы өз үлесін қосуына бірден-бір мүмкіндік тудырып отыр. Соның бірі – 2017 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» еңбек бағдарламасы. Оның басты мақсаты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті меңгерудің тиімді жүйесін дамытуға бағытталған. Яғни, жұмыспен қамту орталығына тіркелгендер аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етіліп, жаңа саланы меңгеруіне мүмкіндік алады. Осы көмек арқылы ауданымызда да өзге мамандықты игеріп, жұмыс істеп жүргендер жетерлік. Ал, мемлекеттік бағдарламаның толықтай жүзеге асуына қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлерді айтпаса болмас. Солардың қатарында ауданымызда әлеуметтік жағдайы төмен қыз-келіншектер мен көп балалы аналарға арналған тегін мамандық курстарын меңгертетін орталықты ашып отырған Әйгерім Түлкібаева бар. Бұл салалық дамыту курсын оқытатын мекеме Қаскелең қаласындағы «Jetisu» кешенінде орналасқан. Онда қазіргі кезде 50 жуық қыз-келіншіктер білімдерін жетілдіруде. Осы орталыққа жетекшілік ететін Әйгерім Кабирқызынан мұндай игі бастаманың ойына қалай келгенін сұрадық.
– Заман дамыған сайын бет әрлеудің түрлі технологиялары шығып келеді. Соған сәйкес сұлулыққа жаны құмар бикештердің әрлеуші мамандарға деген сұранысы артып келетінін байқадым. Менің бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Екі жыл бұрын таныстарымнан мемлекеттік бағдарлама арқылы осындай курстарда оқып, тұрақты кәсіптеріне айналдырғандарын естідім. Содан кейін: «Мен де біздің ауданның қыз-келіншектеріне осындай білімін жетілдіру курстарын ашсам қалай болар екен?», деген ой келді. Қазір бұл істі бастағаныма қуанамын, себебі қаншама адамға мамандық алуына көмегіміз тиіп жатыр, – дейі кәсіпкер ханым.
Жаһандану заманында заман ағымнан қалмай ізденімпаз Әйгерім сән мен сұлулық әлеміне 2009 жылы келген. «Мұнай және газ» мамандығы бойынша Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-ды үздік аяқтағанынмен де, ішкі сезімі осы сән саласын қалапты. Тұрмысқа шығып, нәрестелі болғанан кейін, сұлулық салонын ашып, оның дәл осы бағытта жұмыс істеуіне бар күш -жігерін салған. «Жұмыспен қамту орталығымен» құжаттарын реттестіруге бір жылға жуық уақыт кеткен. Барлық талаптарына сай келген соң оқу-әдістемелік жүйелерін бекітіп, ағымдағы жылдың 2019 жылдың наурыз айынан бастап өз қызметтерін үйренемін деушілерге ұсына бастаған. Осы уақытқа дейін бұл орталықтан 70-ке жуық қыз-келіншек түрлі сала бойынша сертификаттар мен куәліктерін алып үлгерген. Ал, қазіргі таңда мұнда 50-ге жуық тәлімгер «Тырнақ күтімінің шебері», «Бет әрлеуші», «Шаштараз», «Кірпік жабыстыру шебері», «Қас бояйтын маман» бағыттары бойынша өз білімдерін жетілдіруде.
Аталмыш курстан өту үшін алдымен аудандық «Жұмыспен қамту орталығына» тіркеуден өту керек. Содан кейін ондағы талаптарға сай кезекпенен үш айлық курста оқиды. Бір ай бойы теориялық сабақ өтсе, қалған екі айында тәжірибе жүзінде жаттығады. Әрине, орталықта оқып жатқан нәзік жандарға да көңілдерінен шығып жатыр. Себебі, бұл мекеменің ұсынған қызметі баласы қолбайлау болып, күн ұзақ жұмыста отыра алмайтын аналарға үйренулеріне де, жұмыс істеулерін де зор мүмкіндік туғызып отыр. Мұндағы тәлім алып жүрегн нәзік жандар кәдімгідей жаттығып, тіпті, табыс тауып үлгергендіктерін үлкен мақтанышпен айтып отыр. Заманына қарай адамы. Үйренушілер сұранысы мол кәсіптің тетігін табуға жол ашқан, алдымен мемлекеттік бағдарламаны ұсынған Елбасына және орталық жетекшісі Әйгерім Кабирқызына алғыстарын білдіреді. Отбасы, ошақ қасынан шыға алмай жүрген әйелдер қауымына зор мүмкіндік жасап отырған кәсіпкерге алдағы жұмыстарына сәттілік тілейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.