Бүгінде Қазақстан әлемдік қоғамдастық алдындағы танымалдылығы мен абырой-беделі бар дамыған мемлекеттердің біріне айналды. Мұның барлығы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында. Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі ең қиын кезеңдерде өзінің салиқалы саясаты арқылы туған халқының кемел келешегі үшін аянбай қызмет атқарған кемеңгер тұлға елімізді аз ғана мерзімде зор табыстарға жеткізді. Дербес мемлекет атанған сол бір өтпелі кезеңдердегі қиындықтар мен сынақтардан ел-жұртын адастырмай, аман-есен дамудың даңғыл жолына алып шыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жыл бойы жүргізген ұтымды саясатына арналып сәрсенбі күні аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Ел сенімін ақтаған Елбасы» атты дөңгелек үстел өтті.Тәуелсіз қазақ елінің қасиетті топырағындағы жасампаздық пен елдіктің тікелей бастаушысының атқарған қызметі жайлы жиынға аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, «Атамекен» музейінің директоры Аделя Қоржумбаева және тәрбиешілер мен ұстаздар қатысты. Жиынды музей директоры Серік Қалиев ашып, қазақ халқының маңдайына біткен бақыт, тағдырына жазылған теңдессіз сый – ол Елбасымыз екенін айтып өтті.
– Ұлт Көшбасшысы еліміздің ұлттық ұстанымдарын тұла бойына сіңіріп, халқымызды бүкіл әлемге танытқан кемеңгер тұлға. Тәуелсіздігіміздің негізін қалап, сындарлы сәттерде сарабдал, салмақты саясатымен елді сүріндірмей, дамудың даңғыл жолына жетелеген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, – деді ол. Ал, Ақылия Бекбайқызы болса «Алып анадан туады» дегендей, заманымыздың асыл перзенттерінің бірі Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлғаны өмірге әкелген Әлжан ана туралы әңгімеледі. Мемлекет басшысының «Өзі қарапайым, сауаты жоқ адам болса да өмірден үйренгені, көрген-білгені көп анам әр уақытта көз алдымда, жүрегімді елжіретіп тұрады. Қиын шешімдер қабылдар кезде түсіме кіріп, ақыл беріп кетеді», – деп анасына деген сағынышын жүрекжарды сөздерімен жеткізгендігі туралы да айтты
Сонымен қатар, жиында Шара Қанатқұлқызы мен Ақлима Көсемова Елбасының балалық шағы мен мектептегі кездері жайлы баяндады. Елін ұлы көштен қалдырмай, небір қиындықтарды ақыл-парасатымен еңсеріп, дамудың даңғыл жолымен жарқын болашаққа бастап келе жатқан кемеңгер Көшбасшы, Тұңғыш Президент – Елбасының ел мүддесі жолындағы қыруар жұмысы жөнінде әңгімеледі. Мұнан бөлек жиын барысында Нұрсұлтан Әбішұлының жетекшілігімен аса маңызды тарихи, саяси, ауқымды экономикалық реформалар жүзеге асырылғанын, мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы табандылығы мен даналығының арқасында тұңғыш рет мемлекеттік шекара айқындалып, Ата заңымыз қабылданып, егемендігімізді айшықтайтын мемлекеттік рәміздер – Әнұран, Ту, Елтаңбамыз бекітілгені жайлы да кеңінен сөз болды.
Жиын Елбасының қызмет жолы бейнеленген көрмені аралаумен аяқталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.