Жуырда аудандық орталық кітапханада «Жырларымды оқы да, ойларымды ал» деп аталатын әдеби кеш өткізіліп, ол Көлащы орта мектебінің мұғалімі Мақсат Әлсейітовтың шығармашылығына арналды.
Мақсат бала кезінен әдебиетке құмар болып, өлең жазуға талаптанған екен. Бірте-бірте балаң жырларының буыны беки түскен, қаламының қарымы артып, жазғаны оқырманды ойландыра бастаған, аудандық басылымнан асып, облыстық, республикалық газет-журналдардан көрінетін болған.
Сөйтіп, туған жері – Қарақалпақстанды, туған елі – Қазақстанды, қаһарман халқын, тамаша табиғатын, көз тартар көлін, өрнек салар өзенін, ай қабақ аруын, ақ ниетті адамын, баһадүр батырларды, еліне еңбегі сіңген асылдарды жырлаған, толғанып дастан, ойланып поэма жазған. Нәтижесінде 2015 жылы Алматыда «Жетімсайдың бойында – жетім ауыл» атты өлеңдер жинағы шығып, оны оқырман қауым жылы қабылдады. Ал, 2013 жылы Астананың 15 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасында «Қазақстан» деген өлеңімен үшінші жүлде алыпты.
Қаскелең қалалық және Жаңашамалған ауылдық кітапханалары ұйымдастырған кеште алдымен Мақсаттың өзіне сөз беріліп, өмірі мен өлеңі туралы жан-жақты айтып, сұрақтарға кеңінен жауап берді.
Мұнан кейін белгілі журналист Қалбай Әділ, Қаскелең қаласының тұрғыны Қатарбай Рахов және осы жолдардың авторы кеш иесінің өлеңдері жайындағы ой-пікірлерін ортаға салды, жаңа шығармашылық табыстар тіледі.
Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары, Қаскелең мәдениет колледжінің студенттері мен Алтынсарин мектебінің оқушылары ән айтты, өлең оқыды.
Кешті аудандық орталық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева қорытындылап, бұл кештің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылғанын атап айтты, ақынға ізгі тілегін білдірді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.