Өткен аптаның жексенбісінде Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде аудан жастары арасында волейболдан ашық турнир өтті. Өскелең ұрпақты достық пен патриоттыққа тәрбиелеуді мақсат еткен бұл бәсекеде аудан округтерінен жиналған сегіз команда бас қосып, бақ сынасты. Саламатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану – деніміздің сау болуының негізгі кепілі. Осыны негізге алған командалар бәсекеде бар шеберліктерін көрсетті. Алдымен, осы сайыстың өтуіне ұйытқы болып отырған аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аида Ақшалова жиынды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Елбасы Жолдауында 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30%-ның бұқаралық спортпен айналысуы қажеттігін айтқаны белгілі. Спорттық ойындар бүгінде елдер мен халықтар арасындағы достықтың алтын арқауына айналды. Бұл жарыстар тек бәсекелестікке емес, бірлігіміздің артуына зор көмегеін тигізеді деген ойламын, – деді Аида Керімқызы өз сөзінде.
Сонымен, дәлдік пен жылдамдықты талап еткен жарыста спортшылар керемет ойын көрсетті. Алаңға алғашқы болып шыққан Жаңашамалған мен Ұмтыл ауылдық округтерінен келген командалар өз аймағының абыройын барынша қорғады. Физикалық күш те анық байқалатын бұл бәсекеде спортшылар ұзындығы екі метрлік тордан секіріп, бір-бірінің аймағына дөп түскен түрлі ұтымды голдарды салды. Олар бұл ойынымен жарысқа жақсы дайындалып, жаттығып келгенін дәлелдеді. Содан кейін Бірінші Май мен Елтай, Жамбыл мен Шамалған, Әйтей мен Ұмтыл оругтерінің волейболшылары бір-біріне дес бермей оза шауып, әдемі ойын өрнегін көрсетті. Сайыс қорытындысында ұйымшылдығымен көзге түсіп, көп ұпай жинап, Жаңашамалған ауылдық округінің волейболшылары жеңімпаз болып танылды. Оларға жол беріп, екінші орынды біріншімайлықтар алса, үшінші орын озат командалардың қатарында болған шамалғандықтарға бұйырды. Жеңіс тұғырынан көрінген командалардың барлығына кубоктар, медальдар және Алғыс хаттар табысталды.
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.