«Отбасы – ел тірегі», деген сөздің мағынасы мен маңызы өте тереңде. Әлем бірлігі мен тыныштығының негізгі кепілі отбасының берекесінде екендігін тағы да айтудамыз. Оған себеп, жастардың тұлға болып қалыптасуына отбасының тигізер ықпалы аса зор. Білімді азаматтардың бәрі де «дұрыс» отбасында тәрбиеленген және сол арқылы өзінің де өмірін баянды еткен. Сондықтан да қазіргі таңда ұрпақтың кемел болашағы үшін отбасылардың тұрақтылығы мен татулығы бірінші орында. Осыған орай «Атамекен» орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және «Халықаралық отбасы күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған «Отбасы – өмір аясы» атты мерекелік шара өткізді. Оның барысында әр отбасыға жеке назар салу арқылы олардың бір-біріне деген қамқорлығын күшейтіп, бала бақытының негізгі факторларына көңіл бөлінді. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақалға сәйкес балалар мен ата-аналар жұмыла жұмыс істеп, үлкен қуанышқа ие болды. Жылына бір рет аталып өтетін осындай мерекелердің болуы арқылы барша халық өз отбасыларына аса назар аударса екен деген тілегіміз бар. Сондықтан жанұядағы барлық іс-әрекет тікелей ертеңгі қоғамның көрінісі екендігін насихаттаймыз.
Соған орай орталықтың ұйымдастырған шарасы барысында аулаға теректер отырғызылды және арнайы ойындар ойнатылды. Осындай мерекеге барлық отбасылар атсалысып өздерінің мейірімін балаларына беретін болса, ол біз үшін үлкен жеңіс. Өйткені, баланың есінде тек көрген ізгі істер ғана қалады. Осы тұрғыда «Атамакен» орталығы шараның маңыздылығына баса көңіл бөліп, шараны жан-жақты қамтып, жоғары деңгейде атап өтті. Себебі, бұл кездесуде баланың, ананың және әкенің орны айқындалып жанұядағы бақыт туралы көптеген мәліметтер таныстырылды.
Мерекелік шараға қатысқан барлық отбасы мүшелері үлкен рухани азық алып, естелікке суретке түсті. Соңында әр отбасы Алғыс хатпен марапатталып, онан кейін бейбітшіліктің символы саналатын көгершіндерді аспанға ұшырды.
Айгерім АВЕЗОВА,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының қызметкері.