Өзінің Жарлығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған еді. Осыған орай, «Nur Otan» партиясының атынан президенттікке ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлының еліміздің барлық аймағында қоғамдық сайлауалды штабтары құрылып, жұмыс істеп жатыр. Соның аясында өткен аптаның бейсенбі күні штаб өкілдері ауданымыздағы «Алматыгазсервиз Холдинг» АҚ қызметкерлерімен кездесті.
Жиынды «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық қоғамдық штабтың жетекшісі Ақшолпан Марат ашып, штабтың мақсаты мен міндеттері жайлы айтты сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасымен таныстырып өтті.
–Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымыздың ең сенімді серігі және ол тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан тұлға. Біздің кандидатымыз Премьер-Министр, Парламент Сенатының Төрағасы, Сыртқы істер министрі ретінде еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Біріккен Ұлттар Ұйымында жауапты қызмет атқарып, халықаралық деңгейдегі зор абырой-беделге ие болды. Сондықтан Елбасымыз айтқандай, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тұрақты дамуын әрі қарай жалғастыратын, мемлекет тізгінін ұстауға лайық бірден бір тұлға, – деді ол. Сонымен қатар, Ақшолпан Қайратқызы үгіт-насихат науқанының басым бағыттарының бірі ретінде Президенттікке кандидаттың сайлауалды бағдарламасын қалыптастыруға азаматтардың тікелей қатысуы арқылы жақтастарды тартуға бағытталған «BIRGE» атты республикалық акция жайында баяндады.
Мұнан кейін штаб мүшелері – аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, қоғам белсендісі Баян Мұхамедиярова, «Баян ауыл» ЖШС-нің директоры, аудандық мәслихат депутаты Жанна Жазықпаева мен «Дәулет-Серпін» ЖШС-нің директоры, аудандық мәслихат депутаты Жалғасқан Дәлібаев сөйлеп, Президент сайлауының тарихи маңыздылығы жөнінде әңгімелей отырып, «Nur Otan» партиясынан үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірбаяның, еңбек жолын, қазіргі уақытта атқарып жатқан игі істері туралы айтып, оны қолдап дауыс беруге шақырды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.