Үнемі айналасына көтеріңкі көңіл-күй мен қуаныш сыйлайтын, мәдениетке баулитын, киелі сахнаның қадірі мен қасиетін жете түсінетін, өмірлерін өнермен өрген жандардың төл мерекесі де қасиетті Қарасай жерінде ұмыт қалған жоқ. Осы аптаның сәрсенбі күні Ұмтыл ауылдық округіндегі Мәдениет үйінде Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.
Мерейлі жиынның алғы сөзін айтқан аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова Мәдениет майталмандарын мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтап, олардың қоғамға рухани байлық сыйлау мақсатындағы үлкен үлестерін сөз етіп, өзінің де жан дүниесі осы салаға жақын екендігін әңгімеледі. Барлық жақсылықты тілей отырып, бірқатар қызметкерлерге, атап айтқанда, «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісін Күлайым Әлімбековаға, «Мәдениет майталманы» медалін Еркін Рахимов пен Қалбибі Абдуллаеваға, «Өнерге қосқан үлесі үшін» медалін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ляззат Әуелбековаға, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гаухар Көкебаеваға, Шамалған ауылдық мәдениет үйінің директоры Бағлан Қалмановқа, Ұмтыл ауылдық мәдениет үйінің директоры Қолғанат Измахановқа тапсырды. Оған қоса, облыс әкімінің марапаттары Ақторқа Тотымбаеваға, Гүлжан Аянбаеваға, Айман Үмбетәлиеваға, Аякөз Ахметоваға осы шара барысында табысталды. Сондай-ақ, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың атынан аудандағы мәдениет саласының дамуына қосқан үлестері үшін аудандық білім бөліміне, музей мен мәдениет саласының қызметкерлеріне Алғыс хаттары берілді. Айта кету керек, бұл күнгі жылы жүзді жүздесуге сахна саңлақтары ғана емес, сондай-ақ, кітапхана мен музей қабырғасында еңбек ететін жандар да жиналды. Сонымен қатар, атаулы мерекеге арнайы келген Жамбыл ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұжымына аудан әкімінің атынан салтанатты шараның өтуіне негіз болғаны үшін Алғыс хатты тапсырды.
Әрі қарай шара іргелес жатқан ауданның «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концертіне жалғасты. Жамбыл аудандық мәдениет бөлімі жанынан құрылған ансамбль алғашқы қаз тұрып, қадам басқан шағынан бастап-ақ жұрт назарын аударған жақсы жоба ретінде танылды деп атап айтуға әбден болады. Желкенін кеңінен керіп, өнер айдынына батыл жүзіп шыққан олар бірнеше шетелге де барып қайтты. Жай барып қайтқан жоқ, өзге жұртқа қазақтың қасиетті өнерін – әсем әнін, әсерлі күйін, әдемі биін паш етіп қайтты. Сөйтіп, бір-екі сапарында лауреат та атанды. Ал, 2015 жылы «халықтық» деген құрметті атақты жеңіп алғанының өзі үлкен жетістік еді. Алматы облысы бойынша «Үздік өнер ұжымы» атануы да көп жайдан хабар бермей ме! Сонымен ақындар мен батырлар елінен жеткен өнерпаздардың қасиетті Қарасай жеріндегі концерттік бағдарламасы «Бабалар сазы» тобының орындауындағы Бауыржан Ақтайдың үлкен рух беретін, қазақы қаныңды тулататын «Алаш аманаты» деген музыкалық композициясымен ашылды. Осы орайда Дәулеткерейдің «Көроғлы», Қазанғаптың «Ақжелең» сияқты күйлерінің құдіреті де көрермендерді ерекше баурап алды. Сондай-ақ, ансамбльдің дәстүрлі әншілер тобы да бірнеше әсем әнді әуелетіп, құлақ құрышын қандырды. Әсіресе, халқымыздың ежелгі музыкалық аспабы – жетігенде ұлтымыздың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындаған Ақай Әбетоваға, тамаша композитор Латиф Хамидидің өлмес, өшпес «Бұлбұл» әнін шырқаған Ақбота Серікқұловаға концертті тамашалаушылар айрықша ризашылық білдіріп, ұзақ қол соқты.
Сол сияқты ансамбль орындаған түрік халқының әдемі әуені, жеке домбырашылардың күй тартысы, Гүлназия Жұмажанова шырқаған Шернияздың термесі де жиналғандардың ешбірін бей-жай қалдырған жоқ. Осылайша ақындар мен батырлар елі майталмандарының әуелете салған әндері мен мың бұрала билеген биші қыздардың көрінісі «жақсы көңіл-күй сыйлайықшы» деген ерекше ықыластарын байқатты. Сонымен, концертте Елдос Үмбетәлінің әні мен сөзіне жазылған қаны бір, жаны бір қазаққа татулық пен бірліктің туын биік ұстауға шақырған рухты «Бір бол, қазақ!» әні орындалып, осы тамаша өнер кешінің нүктесі қойылды. Мұнан кейін көрермендердің қызу қошеметі аясында ансамбльге зор құрметті білдіретін, ортаға ауданымыздың басшысы атынан ықылас гүлі әкелініп, Жамбыл ауданы өкілдеріне табысталды.
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.