Медицинадағы орта буын қызметкерлері денсаулық сақтау жүйесінің негізін құрап отыр. Дәрігер емінің дұрыс нәтиже беруі – медбикенің көрсетілген емдік шараларды сауатты да қалтқысыз орындауында ғана емес, жаны қиналып жатқан науқаспен күндіз-түні бірге болып, жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне әсер ететін жанкешті еңбегіне де тікелей байланысты. Демек, медбике науқас денсаулығына емдеуші дәрігерден кем жауап бермейді. Сол себептен де, жыл сайын 12 мамырда халықаралық Медбике күнінің кеңінен аталып өтілуі орынды.
Ресми деректерге қарағанда, қазіргі таңда еліміздегі жүз мыңға жуық медбике жұмыс істейді. Солардың арасында ауданымыздың денсаулық сақтау саласында талмай жұмыс істеп, ел алғысына бөленіп жүрген қарасайлық ақ желеңді абзал жандар да бар. Аталған кәсіби мерекеге орай, аудандық орталық аурухананың кәсіподақ ұйымы мерекелік шара өткізіп, мейірімділік пен жылылықтың символына айналған игілікті мамандық иелерін салтанатты түрде құттықтады. Кеш ауданның бас дәрігері Ербол Сарсенбаевтың ақ тілегімен басталды. Ол өз кезегінде ұлт саулығын нығайту жолында кез келген уақытта көмек беруге әзір тұратын ақ желеңді абзал жандар үлкен құрмет пен сый-сияпатқа бөленуге әбден лайықты екендігін айтып, мерейлі мерекеде бақыт пен сәттілік тіледі. Ізгі ниетін әрі қарай құрметті қонақ ретінде шақырылған аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Олжабаев білдірді. Денсаулық саласына үлестерін қосып мейірімділік пен кәсіби шеберліктерін бағалау ретінде қос мекеме басшысы үздік орта медициналық қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Мұнан кейін аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде 40 жылға жуық медицина саласында қызмет еткен Тамара Князева да бар саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтауға арнаған жандардың еңбектері ешқашан елеусіз қалмайтынын, кейінгі буынға әрдайым үлгі болатынын сөз етті. Сондай-ақ, дипломдарын енді қолдарына алып келген осы саланың жас мамандары салтанатты түрде өз қызметін адал әрі тиянақты орындауға ант берсе, еңбек жолын медицинаға арнаған осы жылы қызметінен зейнетке шығатын ардагерлерге де құрмет көрсетілді. Ал, өз кезегінде мереке иелерінің арнайы дайындаған славян халқының биі ретінде көрсетілген қойылымы көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жиынның соңы аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен «Нұр-Таш-Қалбүбі» студиясының жас әншілері қойған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Салтанатты жиынды кәсіподақ төрайымы Сәуле Малғараева қорытындылап, жас мамандар мен ардагергер қызметкерлерге сыйлықтар табыс етті.
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.