Ынтымағы жарасса,
Берекелі ел азар ма?!
Назарбай би.
Жетісу өңіріне белгілі би, Шапырашты руының Көшек тармағынан шыққан Назарбай Сабақпаевтың туған жері – Шамалған болыстығының №4 ауылы.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Іле өзенінің оң жағалауынан өтіп, осы күнгі қоныстарын жайлаған Қарасай ұрпақтарының бір үлкен шоғыры, патшалық әкімшілік бөлінісі бойынша Қаскелең, Шамалған, Шығыс Кәстек болыстарын құраған. Шамалған болыстығына қатысты құжаттарда басқалармен бірге Алпысбай болыстың аты көбірек кездеседі. Ол – Дулат руынан. Бірақ, оның айналасында бірде ілгері, бірде үзеңгілес жүрген Қалқанбай Ақжолов, Айнақұл Ақсақалов, Түргенбай Қаленов, Назарбай Сапақов, Нағашыбек Бердалин, Маралбай Бадаев, Үмбет Толқынов, Жантұр Маемеровтер сияқты белгілі Қарасай ұрпақтары екені белгілі. Назарбай би (ресми құжаттарда Сапақбаев, Сапақов деп жазылады) де қазақтың көптеген белгілі билерінің бірі ретінде көрінеді.
1886 жылдардағы мұрағат жазбаларында Назарбайдың жеке басына қатысты деректер кездеседі. Бұл әулеттің отбасы былай көрсетілген: «Жанысбай Сапақов – 35 жас шамасы, әйелі Шәуім – 22, бауырлары: Жаназар – 25, Назарбай – 20».
Белгілі орыс ғалымы П.Румянцевтың 1913 жылғы жинағында бұл адамдардың (Айдар Көшек – Шамалған Көшектері) ауылы Бұрғантоған мен Шұбараттың арасында деп көрсетілген. Патша әкімшілігінің қазақ шаруаларын құнарлы кең жерінен ығыстыра бергені белгілі. Шамалған өңірінде осындай бір Ресейден қоныс аударғандар Самсоновка атты поселке салмақ болып, бірнеше ауылдың қонысын тарылтады. Сонда осы №4 ауыл да ығысып орын береді. Патша шенеуніктері оларға 15, 30 рубльден ақы төлеп көндіреді. Назарбай бидің де қора-қопсысы, жер танабы (жалпы бұл ауылдың отырықшылыққа, егіншілік кәсібіне басқаларға қарағанда ертерек көшкені байқалады) есепке алынады. Соның ішінде ол кісінің шаруақор, іскер адам болғанын көрсететін бір қызық дерек бар. Ол – басқаларда жоқ өз су диірмені болуы, құжат мыналар барын тіркейді: «…зимовка…телятник…мельница…и арык проведенный к ней 100 сажен длиной».
Назарбай би елдің сол кездегі тұрмыс салтына, мұң -мұқтажына қызу атсалысқан. Үлкендердің әңгімесінде ол азамат ретінде ел ішінде ішінара болып тұратын барымта-сырымта, ұрлық-қарлық, жер мен жесір дауының жанжалы сияқты теріс қылықтарға тыйым салып, жетім мен жесірдің хақын жемеуге, ел ішінің тыныштығын бұзбауға, көрші-қолаңның, ағайынның бірлігін сақтауға шақырып отырған, дейді. Ел шырқын бұзатын телі мен тентекті тыйып, жуанға жем болған кедейлерге намысын жыртып, теңдік әперуге күш салады екен. Назарбай Сапақбаевтың өзі саудаға бейім болған.
Шаруасын ширатқан ел баққан малының төлін, тері-терсек, жүн-жұрқасын, жер танабынан жиған артық өнімін жәрмеңкеге жөнелтіп, айырбасқа салып, сауда-саттыққа бейімделе берген. Бұл маңайдан ертеде Ілені кешіп өтіп, Қашғар, Қытай елімен Орта Азияны байланыстыратын сауда кереуендері кіре тартса, енді Қарқара жәрмеңкесі, орыс көпестерінің саудасы да қыза түседі. Би, болыстардың қоғамдық бір қызметі – қайда, қандай жәрмеңке,жиын болатынын ел-жұртқа күні бұрын құлақтандырып,мал-мүлкін куәландырып, қағаздастырып мөрін басып, сол жауапкершілікпен адамдарын сапарға жөнелтіп, жөн сілтеп, жолға салып отырған. Қалың елдің қамы дегенде, Назарбай бидің атқарған қызметінің бір қыры осындай.
Сол кезден жеткен кәделі сөзге қарағанда, ол кісі отбасында болсын, ел аралап ат үстінде жүргенде де, алқа-қотан отырыс пен ел жақсылары мәжіліс құрғанда да әрдайым әлеуметке жақсыларды үлгі етіп, жаман әдеттен жирентіп, тәуекел деп талап қылып, тәубе деп тірлік етуге, елді ауызбіршілікке, маңдай термен мал табуға уағыздап отырады екен. Назарбай атамыз билер сайлауына кемінде үш рет түскен. Соның алғашқыларының бірі 1887 жылғы 7 маусымдағы және 1898 жылғы сайлауда №5 ауылға болыстыққа кандидат болып бекітіледі. 1909 жылғы сайлауда болыстыққа Тұрлыбек Шүренов сайланып, 52 жастағы Назарбай Сапақбаев №4 ауылдың биі болып сайланады. Назарбай өзі үш ағайынды, ал ол кісінің әкесі төрт ағайынды адамдар болған. Назарбай бидің тәлімгерлерінің бірі ұлы импровизатор, Қарасай батырды жырлап кейінгі ұрпаққа жеткізуші Сүйінбай Аронұлы, үлкен жырау ғана емес, ел басқарған беделді би, старшын да болған.
Назарбай бидің қайтыс болуы туралы нақты деректі келтірейік. Бұл Верный уезі басшылығының 1911 жылғы ресми құжаты: «Г. Военному Губернатору Семиреченской Области РАПОРТ: Чемолганский волостной управитель рапортом от 26 октября с.г. за №836 донес мне, что народный судья №4 аула Чемолганской волости вверенного мне уезда Назарбай Сапаков умер 12 октября с.г. Донеся обь изложенного, прошу распоряжение Вашего Превосходительство обь исключении из списков должностных лиц уезда Сапакова и.о. поручении должности народного судьи №4 аула Чемолганской волости кандидата по нем киргизу Маралбаю Бадину» (44-қор, 3089-іс, 103-бет).
«Тегіне тартпас темір жоқ», «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей өз шама-шарқынша ел қамы, ұрпақ болашағы үшін еңбек етіп, тер төккен, уақыт оза келе ауыздан-ауызға жеткен сөздері айтылып, өз деректері ұмытылып қала берген қазақтың әрбір биінің, шешеннің өмір сүрген, билік жасаған нақты мағлұматтарын тауып, ел игілігіне жарата алсақ, ата тарихымыздың ақтаңдақтары ашылып, танымымыз кеңейе беретіні анық. «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген аталы сөздің айқын бір мысалы осы.
Жайсаң жандардан жеткен жарқын үлгі жаңа заманда да жас ұрпаққа жақсы өнеге болып қала береді.
Орынбасар ЖАНӘДІЛ.