немесе музейдегі келісті кездесу
Отбасының береке-бірлігі жарасып, бақытты ғұмыр кешу жолында өзгелер қызыға да, қызғана қарайтындай қадамдар жасауы, ол – көпшілік үшін насихаты жоғары үлгі деп білеміз. Сол себепті отбасының шағын мемлекет атануы да тектен-тек емес екені белгілі. 1994 жылы 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні болып бекітіліп, түрлі мемлекеттерде қоғамның назары отбасыларға аударыла бастаған. Содан бері атаулы мейрам жыл сайын дәстүрінен жаңылмай аталып өтілуде.
Жақында осы отбасы мерекесіне орай, ауданымызда орналасқан «Анаға құрмет» музейінде «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел үстінде келелі ойлар айтылып, жас ұрпаққа тәрбиелік кеңестер ортаға салынды. Ал, осындай ашық әңгіменің өрбуіне аталмыш музейдің ғылыми кеңесшісі Аршагүл Тойбаева өзі жетекшілік етіп отырды. Отбасы құндылықтарының маңызын түсіндіріп, оны Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен сабақтастыра байланыстыру мақсатында ұйымдастырылған рухани басқосуға құрметті қонақтар да шақырылды. Олардың қатарында мерейлі отбасы болуды дәріптеп жүретін Өтебаевтар отбасының қазыналы қариялары атанған Орынбек ақсақал мен Тұмар әжеміз, этно-дизайнер Анаркүл Нұрботанова және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ділдә Ұланқызы болды. Сондай-ақ, мәртебелі меймандардың арасында жақында ғана шаңырақ көтерген, Ушинский атындағы орта мектептің мұғалімдері, ерлі-зайыпты Бауыржан мен Салтанат және аталмыш білім ордасының бастауыш сынып оқушылары болды. Рухани кездесу барысында дәстүрлі әнші Нұржан Тыныбектің орындауында бірнеше әндер шырқалса, отасқандарына 55 жыл толған Алматы қаласы Наурызбай ауданының тұрғындары Орынбек ата мен Тұмар әже өз өмірлерінен сыр шертті. «Көпті көргеннен сұра» демекші, дөңгелек үстел барысында ата-апамызға түрлі сауалдар да қойылып жатты. Мәселен, «Қалай таныстыңыздар?», «Ұрпақ тәрбиесі қалай болу керек?», «Жас отбасыларға қандай ақыл айтар едіңіздер?» және т.б.
Өз кезегінде қарияларымыз атаулы мереке күнінің маңыздылығын айтып, барлық қойылған сауалдарға қызықты етіп жауап берді. Тұмар әжеміз болса отбасының тірегі – отағасы жайлы біраз үлгі аларлықтай бірнеше мысал-өсиеттер айтты. Ал, «Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі міндетін атқарушы Жанат Мұхтар құтты қонақтарға алғысын жеткізіп, орталықтың атқарып жатқан бірқатар игі шараларын да тілге тиек етті. Әдемі әңгіменің ортасында Абай ауылының №2 орта мектебінің 3 сынып оқушылары бірнеше әуезді әндер шырқап, көптің көңілін серпілтіп тастады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.