Райымбек ауылдық округіне қарасты «Аист» ипподромының маңында, Ұлы жеңістің 74 жылдығына орай, жаңа спорт клубының ашылу салтанаты өтті. Үлкен іс-шара қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевтың бастауымен ұйымдастырылып, оған кеңестік және қазақстандық кино мен театр актері, профессор, КСРО халық артісі Асанәлі Әшімов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев және аудан әкімі Жандарбек Далабаев қатысты.
Қазір ауданымызда спорт саласына ден қойылып, халыққа қажетті көптеген үйірмелер, дене шынықтыру залдары мен ойын алаңдарының ашылуына өз үлестерін қосып, көмек қолын созып жүргендердің қатары көбеюде. Жаңадан есігін ашқан «Буревестник Алматы» атты волейбол алаңы да жоғарыда айтылған азаматтардың қатарындағы, нақтырақ айтқанда, Амангелді Смағұлұлының ықпалымен ашылып отыр. Бұл жерде үш ойын алаңы бар. Біреуі жабық болса, екіншісі жағажай волейболына арналып істелген. Ал, үшіншісі ашық, жасөспірімдерге арналып жасалған. Салтанатта сөз алған Асанәлі Әшімов, Алик Жатқамбайұлы мен Жандарбек Ермекұлы бір ауыздан Амангелді Шабдарбаевқа ризашылығын білдіріп, жастардың спортпен айналысуына үлкен септігін тигізіп жатқанын алға тартты. Іс-шара сегізге жуық волейбол командасынан тұратын жастардың жарысына жалғасты.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.