Уақыт өткен сайын жарқырай түсетін, сан ғасырлар өтсе де өзінің мәні мен мағынасын ешқашан жоғалтпайтын шынайы құндылықтардың бірі – бейнелеу өнері десек, сол әлемнен ойып тұрып орын алып, сырын сурет әлеміне сыйғызып, сезімін сол сурет арқылы адам жүрегіне жеткізіп жүргендер де бар. Сол тарихи, әрі рухани байлықты сақтап, әрі қарай дамыту, ұлы дала кеңістігінен шыққан өркениет жетістіктерін ұмытпау, ары қарай дәріптеу – жас ұрпақтың үлесінде.
Осыған орай таяуда, аудандық «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен, Мәдениет үйінде «Жүрегі толы мейірімге» атты суреттер көрмесі өтті. Жастар жылының аясында өткен іс-шараның мақсаты – мүгедек жанның талабы мен талантын ұштау, ортадан оқшауланбай, өзін қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік беру. Көрмені ауданымыздың колледж студенттері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтары тамашалады.
Оның барысында мүмкіндігі шектеулі болғанымен жіңішке тастармен өрнектелген кестенің шебері саналатын Назерке Торпақованың атақты адамдар мен жануарлар бейнелеген суреттері, әсем табиғат, таулар, табиғаттың небір тылсымдарымен қатар махаббат тақырыбындағы, патриоттық рухта салынған туындылары көрермен назарына ұсынылды. Бейнелеу өнерінің түрлі жанрында салынған, көркемдік мәнерімен ерекшеленетін суреттерге келген студенттер қызығушылық танытып, ыстық ықыласпен қарап шықты. Көрмеге арнайы шақырылған қонақтар – Мәдениет үйінің директоры Ернұр Нұрғожаева мен аудандық «Қуат» мүгедектер қоғамының төрайымы Жәмиля Мәмбеева, суретші қыздың еңбектеріне өз бағасын беріп, шығармашылық жолының нәтижелі, жемісті болуын тіледі.
Мөлдіреген моншақтармен кестеленіп жасалып, көздің жауын алатын Назеркенің туындылары қойылған көрмеден көпшілік ерекше көңіл-күймен қайтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.