Жастар жылы аясында ауданымыздың белсенді топ өкілдері патриоттық тәрбие беріп, өскелең ұрпақтың мәдениетін арттыруға арналған түрлі шаралар өткізіп келеді. Ауданымызда колледждер арасындағы биден эстафеталық флешмоб бастау алған еді. Ол игілікті бастама жуырда Қаскелең гуманитарлық колледжінде, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен, ұйымдастырылды. Алдымен жиынның шымылдығы қазақтың ұлттық биімен ашылып, жастар орталығының жетекшісі Аида Ақшалова өзінің ізгі тілегін білдірді.
– Ауданымыздағы және өзге де облыстық, республикалық деңгейдегі осындай шаралар бірігіп жұмыс істеуге, қоғамдағы шараларға арласу арқылы өзімізді жақсы жағынан көрсетіп, әртүрлі қызмет аясында сынап көріп, өмірлік жолдарыңызды анықтауға септігін тигізеді. Сондықтан, қай істе болмасын қабілетімізді жекелей тұлға ретінде көрсетіп, жастық жалынымызды танытар мұндай жігерлі жиындарды барлығымыз қолдап, жалғастырайық, – деді ол.
Одан кейін осы колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Светлана Абдуллаева тілектер тізбегін жалғап, білімгерлерді түрлі шараларға ат салысуға, белсенді болуға шақырды. Әрі қарай, колледж студенттері рухты, ырғақты әуенге қосыла билеп, бұл флешмобты келесі оқу орнына жолдады. Ал, бұл эстафета реттілік бойынша ауданның аумағында орналасқан қалған алты колледжде де жалғасын тапты.
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.