Жақында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев қоғамдық қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарын мазалап жүрген мәселелер мен сауалдарға жауап берді. Оған аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, экономика және бюджетті жоспарлау бөлімдерінің басшылары мен мамандары және Қаскелең қаласы, Жаңашамалған, Райымбек ауылдық округтерінің әкімдері қатысып, бірқатар мәселелер талқыланды.
Атап айтар болсақ, қабылдауға келгендер жалпы заңсыз салынған үйлердің құжаттарын қалай заңдастыруға болатынын, елді мекендердегі көшелердің жолын жөндеуге қатысты және мемлекеттік бағдарлама бойынша алынған несиенің үстемақысы туралы сұрақтар қойды. Мысалы, қаскелеңдік Эльмира Абашидзе Әлімқұлов көшесін, ал, Ербол Молдабаев Сарыарқа көшесін жөндеп беруді сұрады. Бұған қатысты аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар Жақанбаев бұл көшелердің жоспарға сәйкес жобалық-сметалық құжаттамасының дайындалып жатқанын айтты. Яғни, жөндеу жұмыстары келесі жылдың көктемінде басталатын болады. Одан өзге Құмарал ауылынан келген Айман Ильясованың мәселесі тыңдалды. Ол 2014 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы несие алып, соңғы төлемақысын жаппағандықтан, үстемақысы ұлғайып кетіпті. Қаржы мәселесінде қиналған Айманға аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев керекті кеңесін берді. Жалпы жиында аудан тұрғындары өзге де көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оларға тиісті бөлімдерден келген лауазым иелері жауап берді. Барлық көтерілген мәселелерді тыңдап, сарапқа салған Айтбай Жексенбайұлы олардың шешілуін өз назарында ұстайтынын жеткізді.
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.