Жуырда «Nur Otan» партиясының аудандық филиалында, «Халыққа көмек» жобасы аясында, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жандулла Әбдімұратов қоғамдық қабылдау өткізіп, онда аудан тұрғындарының бірқатар мәселелерін қарастырды. Нақты айтқанда, қоғамдық қабылдау жазылған азаматтардың барлығы дерлік әлеуметтік көмек мәселесімен келген. Мысалы, Береке ауылының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Аймангүл Бердібекова жақында Жетісу ауылынан жер алған, бірақ, жеті баласы бар болғандықтан ол жерге өз күшімен үй тұрғызуға шамасы жетпейтіндігін айтып, көмек көрсетулерін сұрады. Сондай-ақ, осы ауылдың тағы бір тұрғыны Қаракулова Бахыт қолындағы жетім немересімен үй кезегінде 2014 жылы бері тұрған, бірақ, оның мүлдем қозғалмағанын айтты. Бұл ретте облыстық мәслихаттың депутаты округтердің басшыларымен сөйлесіп, осы мәселелер жақын уақытта қарастырылатының айтты.
Ал, Жандосов ауылының тұрғыны, жалғыз басты ана Сания Исатова болса, қазір тұрып жатқан үйіне газ жүргізу алмай жатқанын жеткізді. Себебі, осы ауылға газ тасымалдаушы «Сигма» компаниясының көрсетер қызметті 400 мың теңге болады екен, ал, жалғыз басты ананың мұндай қаражатты төлеуге шамасы жетпейді. Бұл шағымға байланысты Жандулла Суиноллаұлы аталмыш компанияның басшылығымен сөйлесіп, жалғыз басты анаға жеңілдік алып берді. Ал, қалған жетіспейтін қаражатты өзі төлеуге көмектесетіндігін жеткізді. Қаскелең қаласының тұрғыны, жалғыз басты ана Рая Камекбаева өз күшімен үй салып жатқанын айтып, соған құрылыс материалдарымен көмек көрсетуді сұрады. Жандулла Әбдімұратов алдағы уақытта бұл да есте болатынын айтты.
Осылайша қоғамдық қабылдауға келген барлық тұрғындардың өтініштері тыңдалып, мәселелері оңтайлы шешімін тапты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.