«Заман жаршысының» бүгінгі санында, ауданымызда өзіндік орны бар Ұмтыл ауылдық округінің қазіргі тыныс-тіршілігі жайында кеңінен жазуды ұйғарғанымызға байланысты, округ әкімі Құлыншақов Ришатпен сұхбаттасқан едік. Сол әңгімені газет оқырмандарының назарына ұсынамыз.
– Ришат Сергейұлы, сөзіміздің беташарын жалпы егемен еліміздегі басқару жүйесінің бірі – әкімдік қызметтің мән-мағынасынан бастасақ. Осы орайда не айтар едіңіз?
– Иә, бұл жүйе сонау тоқсаныншы жылдарда, атап айтқанда, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде енгізілді. Сонан бері ол өзінің тиімділігін анық көрсету үстінде. Белгілі бір аймақтың әкімі, яғни, басшысы барлық іске жемісті жетекші бола отырып, қандай мәселеге де мемлекет пен халықтың мүддесі тұрғысынан келуі керек. Әрі бұл мойынға жүктелген үлкен жауапкершілік. «Әкім бол, халыққа жақын бол!» деген сөз де үнемі есте тұруы тиіс. Себебі, көрсетілген үлкен сенімді ақтауың қажет, өйткені, сені депутаттар сайлады ғой. Ал, депутаттардың ар жағында халық тұр, яғни, оларды халық қалады. Сондықтан да әрдайым елдің мұң-мұқтажына, талап-тілегіне құлақ асып, ерекше көңіл бөлу – біз үшін үнемі алдыңғы кезекте тұратын мәселе. Өз басым әкімдік қызметті осылай түсінемін.
– Дұрыс айтасыз. Енді өзіңіз басқарып отырған округтің бүгінгі жай-күйі қандай екен, соған көшсек.
– Алдымен аздаған тарихтан айта кетейін. Біздің Ұмтыл округі алып жатқан аймақты кезінде ел-жұрт жалпақ тілмен КИЗ деп бір-ақ қайырған ғой. Ол, әрине, осында көптен бері орналасқан Қазақ өсімдік және егін шаруашылығы институтына байланысты болса керек. Бұл ғылыми-зерттеу мекемесін бүкіл Қазақстан біледі. Сондай-ақ, осы жерде кеңес өкіметі кезінде республика бойынша колхоз-совхоздың бас мамандары білімін жетілдіріп, кейіннен бәрі дерлік шаруашылық директоры атанатын. Бұл да бір қызық дерек.
Округімізге 4 елді мекен қарайды. Олар – Алмалыбақ, Жалпақсай, Көлді және Мерей ауылдары. Ал, жалпы тұрғындарының саны 13 мыңнан асады. Сонымен қатар, аумағымызда 21 саяжай орын тепкен.
Әңгімемізді әрі қарай жалғасақ – жас ұрпаққа білім мен тәрбие берумен үш мектеп айналысса, ондағы оқушылар саны 4238. Осы тұста атап айтқаным жөн, 2018 жылы 11 оқушымыз алтын белгіге ие болып, мерейімізді өсірді. Халық денсаулығының күзетінде 2 дәрігерлік амбулатория бар. Тұрғындар арасында флюорографиядан өту, денсаулығын қадағалап, саламатты өмір сүруді қалыптастыру үшін санитарлық ағарту жұмыстары тұрақты жүргізіледі.
– Сіздерде бұрыннан зиялы азаматтар мен зерттеуші, ғалым адамдар көп тұрады ғой. Олар округтің жай-күйінің жақсаруына көмектесетін болар?
– Әрине. Жоғарыда айтқан ғылыми-зерттеу институтынан басқа осы заманғы технологияны игерген «Агропарк Оңтүстік» ЖШС-гі жұмыс істейді. Ол егін шаруашылығының өнімділігін әлдеқайда арттыратын сортты тұқым әзірлеуде, оны өсіруде, өндіріске пайдалануда көп іс атқаруда. Соларда еңбек ететін және басқа көзі ашық, көңілі ояу азаматтар округтің тыныс-тіршілігіне белсене қатысады, үнемі керек кеңестерін беріп отырады. Біздегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Елтай Хасеновтың өзі де ғалым адам, кезінде осындағы институтта жемісті қызмет істеген.
– Енді өз аймағыңыздағы әлеуметтік мәселелер жайына да тоқтала кетсеңіз.
– Адамның жақсы өмір сүруі үшін барлық жайы сай болуы керек. Денсаулық, жұмыс, демалыс, жалақы дегендей. Мемлекетіміздің әлеуметтік саясаты да негізінен осыған саяды ғой. Бұл ретте өткен жылды алатын болсақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында кәсіптік қайта даярлау курсынан 34 округ тұрғыны өтті, жастар тәжірибесінен 4 адам өтіп, бәрі де тұрақты жұмысқа орналасты. Қоғамдық жұмыстарға 36 жұмыссыз азамат жіберілді. Жалпы, өткен жылы 327 жұмыссыз адам жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек 13 отбасына тағайындалып, 2 млн 442 мың 508 теңге берілді. 6 мүгедек бала үйден оқытылып, 279 мың 496 теңге көмек алды, ал,11 туберкулез ауруына шалдыққандардың барлығына ай сайын 637 мың 325 теңге беріліп тұрды. Жинақтап айтсақ, округ бойынша жалпы әлеуметтік көмекке 7 млн. 936 мың 079 теңге жұмсалды.
Қазіргі кезде бүкіл республика бойынша үлкен әлеуметтік мәселе болып есептеліп отырған көп балалы отбасылар мен жағдайы төмен азамттарға біз де баса назар аудару үстіндеміз.
– Кез-келген елдің ілгері жүріп, дамып, өркендеуі үшін ең алдымен қаржы керек. Ал, оның негізгі көзінің бірі – салықтық түсімдер. Сіздерде оның жай-күйі қалай?
– Округімізде өткен жылы 128 млн. 457 мың, оның ішінде мүлік салығы 4 млн. 22 мың теңгеге жиналып, болжам 111% орындалды. Сол сияқты жер салығының орындалу болжамы 122% пайызға жеткізілді.
Сонымен қатар, жеке табыс салығынан 52 млн., жарнамалардан 89 мың, заңды тұлғалардың көлік салығынан 3 млн., жеке тұлғалардың көлік салығынан 63 млн. теңге түскенін де айта кетейін. Салық және басқа төлемдерді өндіру жұмысымен үстіміздегі жылы да тиянақты түрде жүйелі шұғылдану үстіндеміз.
– Биыл да атқарар жұмыстарыңыз аз емес болар деп ойлаймыз…
– Иә, ең алдымен әкім ретінде елдің жағдайын жіті назарда ұстауға тиіспін. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар мен Үкіметтің алға қойған міндеттерін дәйекті жүзеге асыру да – басты мақсатымыз.
Мәселен, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Жалпақсай ауылындағы Жандосов көшесін жөндеуге 13 млн. 120 мың теңге, оқушыларды тасымалдауға 15 млн.977 мың теңге, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге 3 млн. 750 мың теңге, санитарлық тазалыққа 2 млн. 400 мың теңге, көше жарықтарының қызметіне 2 млн. 796 мың теңге бөліп, бүгінде осының бәрі де рет-ретімен игерілуде.
– Ришат Сергейұлы, алда Президент сайлауы келе жатыр, енді осы жөніндегі ойыңызды білдірсеңіз.
– Бұл, әрине, егемен еліміз үшін үлкен саяси оқиға, өте тағдыршешті мәселе. Баса айтарым, Президент сайлауы бәріміздің де болашағымыз үшін керек. Бұл, шынында да, тарихи маңызды қадам. Ұмтылдықтар да оған уақыты жеткенде жақсы қатысып, азаматтық белсенділік танытады деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет, істеріңізге алда да табыс тілеймін!
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.