Еліміздің белді ғалымы, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев кезекті есебінің шешімін тапқан Сулейман Демирел университетінің бірінші курс студенті Жәния Кеңесоваға 100 АҚШ долларын сыйға тартты. Оған себеп, академиктің жасырған есебі, яғни, азайту амалын есептеу бойынша Жания дұрыс шешімін тауып, қатарластарынан озған.
Ал, азайту амалының келесі заңдылығын табуға Асқар Жұмаділдаев 500 АҚШ долларын тігіп отыр. Оның айтуынша, жастарға тапсырған есептің бірде біреуінің шешімін білмейді екен. Жастарға оны жасырып, есептің шешімін табуда әрқалай уақыт өтеді. Жәния болса, бұл есепті бір аптаның ішінде тапқан. Алайда, А.Жұмаділдаев жеңілдеу болсын деп тапсырманы аса қатты қиындатпайтынын да алға тартады. Оның мақсаты ең алдымен, балалардың ізденіске деген құштарлығын арттырып, ешкім зерттемеген азайту амалына жастарды машықтан-дыру еді. Ал-
ғашқыда, тапсырманы орындауда он шақты бала бақ сынап көрген. Солардың ішінде жас білгір қыздың ұсынған жауабы жаңа заңдылық болып, бесінші дәрежелі тепе теңдіктің шешімін тапқан екен.
Айта кеткен жөн, қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалым Асқар Жұмаділдаев есеп шығару байқауын отандық студент жастарға арнайы дәстүрлі түрде он үш жыл қатарынан өткізіп келеді. Академик соңғы жылдары жастар арасында математика ғылымына деген ынта-ықыластың азайып, қызығушылықтың төмендегеніне ғылым жанашыры ретінде өте қынжылатынын жасырмайды. Сондықтан жастарға белгілі бір мотивация ретінде осындай байқау ұйымдастырып, өз есебінен ынталы, талантты студенттерге арнайы сыйлық тағайындауды жөн көрген.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.