Музей көне ескерткіштер мен құнды жәдігерлер мұқият сақталатын немесе келушілерге таныстырылатын ерекше нысан ғана емес, ол уақытқа бағынбайтын, алмасып жатқан ұрпақтар жалғастығын үзілдірмейтін алтын арқау. Өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғастырар мәңгілік көпір. Өркениетті елдердің бәрінде дерлік ұлттық музейлер зор мақтаныш, рухани орда болып саналатыны белгілі. Солардың қатарындағы ерекше, ТМД елдерінде баламасы жоқ шынайы құндылықтардан сыр шертетін «Анаға құрмет» музейі ауданымыздағы Райымбек ауылдық округінің аумағында. Әйел адамдардың сонау ықылым заманнан бергі күндегі қолданыстағы бұйымдары жинақталған ғимараттың бой көтергеніне биыл бес жыл толып отыр. Қазіргі таңда тарихи орталық тек естелік экспонаттардан тұратын сөрелі орда емес, түрлі жиындар жиі өтетін мәдени ошаққа айналған. Осы және өзге де ақпараттар мен алдағы уақыттағы жоспарлары жайлы ой өрбітіп, аталмыш музейдің директоры Жанат Мұхтармен сұхбаттасқан едік.
– Жанат Елемесқызы, алдымен ТМД елдерінде жоқ ақ жаулықты аналарымызға арналған тарихи орталықты құру туралы ой қайдан келді, оған кімдер себепкер болды?
– Райымбек округіне қарасты Жандосов күре жолының 26 шақырымында, Іле Алатауының баурайында діни-мәдениет кешені ашылған болатын. Бұл кешенге «Нұр-Мұсахан» атындағы мешіт, жағдайы төмен отбасыларының балаларын тегін оқытатын «Күлиман ана» атындағы медресе, халал мейрамхана және оның жанында бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен аналардың құрметіне арналған біздің «Анаға тағзым» музейі орналасқан. Жалпы, ресми түрде 2014 жылы 2 қарашадан бастап жұмыс істейді. Қос қабатты ғимарат жалпы аумағы 750 шаршы метр жерді алып жатыр. Аумағында, сондай-ақ, шырша, қайың ағаштары тігілген дендрапаркі жергілікті тұрғындарға саясын төгіп келеді. Баршамызға белгілі, жоғарыда мен айтып өткен кешен ауданымыздағы құрметті Шпекбаевтар әулетінің негіз болуымен құрылған. Ал, уақыт өте келе аяулы аналарға, қайраткер нәзік жандарға арналған мұражайды неге ашпасқа деген бастаманы осы отбасының қызы Бақыт Шпекбаева көтерген. Сөйтіп, сәні мен сәулеті келіскен орталық мәдени кешеннің қатарын толықтырған. Бастапқы екі жыл ішінде үлкен жүректі, ізгі ниетті Бақыт Жатқамбайқызы директорлық қызметте болып, барлық экспонаттарды өз қолымен жинақтаған. Ал, 2016 жылдан бастап көпшіліктің көңілінен шыққан тарихи мекемені жекеменшіктен мемлекет меншігіне тапсырды. Дегенмен де ол кісі әлі күнге дейін мұражайға қолдау білдіріп, жәдігерлерді іздеп, қатарға қосуды тоқтатқан жоқ.
– Бұл музейдің өзгелерден ерекшелігі қандай?
– Кез келген музей төрінде тұрған экспонатымен мақтанады. Құнды жәдігерлер көп болуы тиіс. Алайда арамызда осыны түсінбейтін адамдар бар. Олар ата-бабасынан жеткен құнды жәдігерді бір отбасының немесе әулеттің дүниесі деп қана бағалайды. Осының салдарынан мемлекеттік маңызы бар мәдени мұра музейге жетпей, жұрттың сандығы мен шатырында, жертөлесінде қалып қояды. Мұнда бір ғана ауыл, ауданның емес, бүкіл Жетісу өңірі тұрғындарының өз ниетімен мұражайға әкеліп тапсырған бұйымдарын көріп, тамашалауға болады. Ауылдың қарапайым адамдары ұсынған ұлттық нақышқа толы және өте сирек кездесетін экспонаттар қоры жинақталынған. Барлығы дерлік арнайы тіркеуге алынып, қандай бұйымның кімнен алынғаны, қалай жасалғаны жөніндегі мағлұматтарымен байытылған. Олардың арасында түрлі материалдардың түпнұсқалары кездеседі. Оның бірі XIV-XV ғасырдағы Ресейдегі Қазан баспасынан шыққан Құран Кәрім кітабы болса, тағы бірі Әлия Молдағұлованың сұрапыл соғыс кезінде қолданған заттары. Жуырда ғана Алматының тұрғыны Күмісхан Малдыбайқызы өзінің үлкен әжесінің 100 жылдық тарихы бар кимешегін тапсырды. Осындай ізгі ниетті, жанашыр жандардың арқасында жәдігерлердің саны артып, бүгінде 500-ге жуықтады.
– Енді жеткен жетістіктеріңіз бен атқарған істеріңіз жайлы баяндасаңыз.
– Қарасай ауданының әкімдігінің қолдауымен жыл сайын ұйымдастырар шараларымыздың саны артып келеді. Мәселен, наурыз айының алғашқы күнімен қатарлас келетін Алғыс айту күніне орай еліміздің танымал этно-дизайнері Ырза Тұрсынзадамен бірлесе бес күндік көрме өткіздік. Сондай-ақ, оның аясында демеушілердің қолдауымен Ырза ханым көпбалалы аналарға тігін өнерінің қыр-сырын үйретер шебер сабақтар өткізіп, әлеуметтік жағдайы төмен үш келіншекке тігін машиналарын табыстады. Ал, биыл 14 наурыздағы Көрісу күнінде «Ақ кимешек» атты әжелер арасында жарыс өтті. Міне, наурыз мерекесіне орай біздің кешеннің алдында дәстүрге айналған мерекелік концертпен қатар, наурыз көже тарату ойда бар. Бұға қоса, бір рухани жиындарды өткізуді естен шығармағанбыз. Оның дәлелі – музейдің ғылыми кеңесшісі Аршагүл Тойбаева Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының аясында аудандағы 41-ге жуық мектеп оқушыларымен дәріс сабақтар өткізуде. Жас жеткіншектер үшін сабақтар оқу ордасындағыдай емес, мұражай ішінде еркін пікір алмасып, қосымша сынып сағаты ретінде өткізіледі. Жуырда осы орталықтың мәртебесі одан әрі өсіп, тағы бір дәрежеге ие болды. Атап айтар болсақ, дәл осы мұражай «КИННЭС» – Қазақстан рекордтар кітабы тізіміне енген болатын. Өзге де ауданда ұйымдастырылатын көшпелі көрмелерді жібермей қатысамыз.
– Мәдени ошақтың маңыздылын арттырып, жетілдіру әрі ілгерілету жолында тағы қандай жұмыстар атқарылуда?
– Музейді дамыту. Заманға лайықты, қолжетімді, қызықты, тартымды ету. Ғылыми-экспозициялық және көрме жұмысын ілгерілету. Алдымызға осындай үлкен мақсат қойып отырмыз, қазір сол бойынша нақты жұмыстар істелініп жатыр. Біз әу бастан санға емес, сапаға жұмыс істегіміз келеді. Музейге қойылатын дүниелерге қарай жарнамасын да жаңғыртып, халықтың білуіне және музейге келуіне барынша ұйытқы болу. Қысқаша айтқанда, насихатты күшейту, музейді маңызды орынға айналдыру. Өйткені, музейге келушілердің алдында «Барсам ба екен, бармасам ба екен? Қандай қызық болуы мүмкін?» – деген екіұдай сезім болмауы тиіс. Апа-әжелеріміздің өмір салты мен тарихы туралы әңгімелеп қана қоймай, отбасы құндылықтарына деген құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал жасауды өз жұмыстарымызда атап көрсетуді басты мақсат санаймыз. Мәңгілік ел болу жолындағы мұндай жарқын бастамалардың шынайы да, жарасымды түрде қалыптаса түскені қандай ғанибет! «Анаға құрмет» мұражайының құндылығы да осында.
– Келешекте музейдің бұдан әрі өркендеп дамуына куә боламыз деген сенімдемін. Құндылықтардың қымбаттылығын ұғындырып жүрген сіздерге мың алғыс. Еңбектеріңізге табыс, ұжымдарыңызға береке-бірлік тілеймін! Наурыз мейрамы құтты болсын!
Сұхбаттасқан Бұрым ОРЫНБАСАР.