14 наурыз көрісу күні, яғни, амал мерекесіне орай «Анаға құрмет» музейінде мерекелік шара өтті. Айтулы жиынның басты мақсаты ұлттық киім, ардақты аналарымыздың ақ жаулығы – кимешектің қазақ халқының өміріндегі мән-маңыздылығын анықтап, жас ұрпаққа насихаттауға негізделді. Алдымен басқосу музей алдында төс қағыстырып көрісіп, амандық-саулық сұрасумен басталды. Жиналғандардың ішінде әппақ кимешектерімен қоса, оюлы өрнекке көмкерілген камзолдарын киген әжелеріміз шараның көркін одан әрі аша түсті. Олардың қатарында ауданымызға сыйлы, асылдың сынығы, аяулы жандар – «Анаға құрмет» музейінің негізін қалаушы Бақыт Шпекбаева, Үшқоңыр орта мектебіндегі «Президент әлемі» мұражайының жетекшісі Ақлима Көсемова және Қарасай батыр атындағы орта мектептің «Шапағат» музейінің жетекшісі Ырымкеш Байқонысова, этно-дизайнерлер Күлән Жаңғұтты, Анаркүл Нұрботанова және Алматы қаласынан арнайы келген қонақ Күмісхан Малдыбайқызы болды. Сондай-ақ, жиын барысында жаңа туған нәрестені бесікке салу дәстүрі көрсетіліп, ырымдары жасалынды. Ал, Ақлима Көсемова болса көпшілікке кимешектің шығу тарихын, түрлерін, қандай жаста қай түрін кию керектігін жіктеп айтып берді. Мұның өзі жиынға келіп отырған мектеп оқушыларына үлкен тәлім-тәрбие бергендігі сөзсіз.
Шара аясында ақыл-кеңестерімен бөлісіп, бұл кешке арнайы келген әжелеріміздің ішінен ең үздік кимешектің иесі анықталып, музей қызметкерлері дайындаған сый-сияпаттар табысталды. Бұл мадаққа үлкен әжесінің жүз жылға жуық тарихы бар кимешегін киген Күмісхан апамыз лайық деп танылды. Ал, Абай ауылының №2 мектебінің оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама да көпшіліктің назарына ұсынылды. Кештің соңын аталмыш музейдің ғылыми кеңесшісі Аршагүл Тойбаева қорытындылап, музей директоры Жанат Мұхтар келген қонақтардың бәріне сый-сияпат жасады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.