Мемлекеттік маңызды бар шешімдерге ықпал етуші, елдің сенімін ақтауға бар күш-жігерін салып, халықпен жұмыла жұмыс жасайтын саяси қозғаушы күш болып табылатын – «Нұр Отан» партиясы қашанда елдің игілігі үшін жұмыс атқарып келеді. Меніңше, сенім мен тұрақтылық бар жерде өрлеу, өркендеу орын алып, жетістікке жету жолдары да айқын ашыла түседі. Бұл ретте мұндай сәтті қадамдарға мен айтып отырған саяси партияның ықпалы да мол екені сөзсіз.
Кеше ғана ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаев партияның кезекті XVIII съезін өткізген болатын. Онда көптеген мәселелер талқыланып, саяси партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жайында да сөз болды. Әсіресе, елді толғандырып жүрген бірқатар мәселелерге қатысты оңды шешімдердің қабылданғаны көпті қуантты деп ойлаймын. Мәселен, көпбалалы отбасылар мен мүгедек балалаларды асырап отырған ата-аналарға қатысты жәрдемақылар мен баспана алу мүмкіншілігі қарастырылды. Сондай-ақ, өзім денсаулық саласының маманы болғандықтан, Елбасының осы салаға қатысты байыпты шешіміндерін де толық қолдаймын. Нақты айтар болсам, қоғамдық денсаулық пен алғашқы медициналық көмекке бөлінетін қаражатты көбейту, яғни, денсаулық саласына бөлінетін ақшаны 40 пайыздан 60 пайызға дейін арттыру керектігін айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы еліміздегі денсаулық саласын дамытуға қосымша 120 млрд бөлінетінін жеткізді.
Елбасының қолдауымен «Нұр Отан» партиясы тарапынан үнемі елдің игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар ел үшін қызмет ететіндерге қашанда қанат бітіреді деп ойлаймын. Саяси партияның ғұмыры ұзақ болсын, бастаған ісіне сәтті қадамдар тілеймін!
Талғат БАЙТІЛЕУОВ,
Қарасай аудандық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі.