Жақында аудан әкімі Жандарбек Далабаев Талдықорған қаласында, өңірлік коммуникациялар алаңында БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Алдымен, Жандарбек Ермекұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын және өткен жылы жүзеге асырылған игі шараларды арнайы дайындалған бейнесюжет арқылы көрсетіп, таныстырды. Жетістіктер жайын сөз еткен аудан басшысының айтқанынан журналистер біраз жайтқа қанықты. Тілшілер тарапынан да бірқатар сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, олар аудан аумағындағы жарық, су, жол салу және үшауысымды мектептер туралы болды. Әсіресе, ауданда ірі кәсіпорындардың саны көп болғандықтан, жарықтың жетіспеушілігі және көші-қон көрсеткіші жоғарылауынан халық санымен қоса, жаңа үйлердің көбейгенінен су тапшылығы мәселесі шешімін күтіп жүргені айтылды.
Жандарбек Ермекұлы оған қатысты тиісті жұмыстар жасалып жатқанын әңгімелеп, бүгінде қолға алынып жатқан шаралардан болашақта оң нәтиже шығаратынына сенім білдірді. Үшауысымды мектептерге қатысты қойылған сұраққа Ж.Ермекұлы 2017-2018 оқу жылында ауданда 11 үшауысымды мектеп болғанын, биыл оларды жою мақсатында, 3 жапсаржай мен бір мектептің құрылысы толық аяқталып, қолданысқа берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, алты мектептің жобалық құжаттары әзірленіп қойғанын да жеткізді. «Алтын орда» базарының маңында жүргізіліп жатқан жол құрылысы да тілшілер назарынан тыс қалмай, көлік кептелісі де әңгіме арқауына айналды. Құрылыс жұмыстары 2017 жылдың қазан айында басталып, 2020 жылы аяқтау жоспарланған. Жалпы аталған жобаға арналған қаражат көлемі 9 млрд. 100 млн теңге, соның ішінде өткен жылы 5 млрд. теңгеден астамы игерілген. Бұдан бөлек, Жандарбек Ермекұлы «Жастар жылы», «7-20-25» бағдарламасы, көпбалалы аналарға арналған әлеуметтік көмек жайлы сөз қозғап, бірқатар сұрақтарға жауап берді. Баспасөз мәслихаты соңында аудан басшысы Қарасай ауданының 90 жылдығына ерекше көңіл бөлініп, алдағы уақытта жүзеге асатын ауқымды шаралар жоспарланып қойғанын да жеткізді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.