…Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары, оқушы кезімізде оншақты үйдің балалары Қарасаз ауылының шығысындағы Көктөбе жазығында кезекпен қой бағатын едік. Бізбен қатарласа 4-5 жасар Бектеміс пен Болаттың бірін алдына, екіншісін артына мінгестіріп Әлдіғазы қарт та өз малдарын өріске айдап шығаратын. «Ата, балалар жас қой, мал бағуға әлі ерте емес пе», деп сұрасақ, Әлдіғазы атамыз миығынан бір күліп қойып, «көздері үйрене берсін, кейін қиындыққа төзімді, шымыр болып өседі», деуші еді. Міне, сол еңбекпен ер жеткен, құрыштай берік бала Болат бұл күнде елуді еңсерген ел ағасы, қазір Алматы қаласында тұрады.
Шалданбаев Болат Әлдіғазыұлы 1983 жылы Қарасаз ауылындағы «Энгельс» орта мектебін бітірген. Ол менің шәкіртім. 1984жылы әскерге шақырылып, Жаркентте оқу-жаттығу жиынынан өткен соң Ауғанстанның Пандшера, Файзабад, Жалалабад, Қандағар қалаларында оқ пен оттың ортасында жүріп әскери борышын өтеді. Жетпісінші мотоатқыштар полкында БТР пулеметшісі болып, не бір сұрапыл шайқастарды басынан өткерген сержант Шалданбаев 1986жылы 11-ші ақпанда Памир тауына құлаған ұшаққа барар жолдағы қиян-кескі ұрыста БТР ішіндегі пулемет оқтары таусылған соң, жауып тұрған оққа қарамастан БТР сыртына байланған жәшіктегі оқты алуға шыққанда, дұшмандар гранатометпен атып құлатады. Жау шебін бұзып өткен қаруластары оны Ташкент госпиталіне аттандырады. Бірнеше күн ес-түссіз жатқан жас жауынгердің сол көзі мен бетіне пластикалық ота жасалып, Мәскеу госпиталында екі көзі бірдей көрмей жеті ай емделеді. Осы кезде Қарасазға әскери комиссариаттан адамдар келіп, Болаттың жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын жеткізген еді.
– Қатарға тезірек қайта қосылуыма бір себеп, ата-анамның Бекен, Бектен, Бекдайыр, Бектеміс ағаларым сияқты мені де жасымнан еңбекке тәрбиелеп қиындыққа мойымайтын төзімді азамат етіп өсірген тәрбиесі болса керек, – дейді ол. – Қазір ойлап отырсам, таудан отын дайындап, мал бағу үшін күніне 20 шақырым жаяу жүрген екенмін. «Адамды сөзбен де емдеуге болады» деген сөз де рас. Менің емдеуші дәрігерім, подполковник Хашимов (ұлты өзбек) «Сенің көзің қалпына келіп жазылады, ол үшін сабыр сақтай білуің керек», деп жиі айтатын. Кейіннен оң көзім көретін болды. Бұған да шүкіршілік етемін әрі сау адамның жүйкесіне салмақ салар мынау заманда барға қанағат етіп, ашуланбай, қандай істі болса да сабырмен шешуге тырысамын.
Ауған соғысының ардагері Болат Шалданбаев – көзінен алған жарақаты бойынша 2-ші топтағы соғыс мүгедегі сөз арасында өздеріне төленетін зейнетақы (57мың теңге, дәрі-дәрмек пен жол ақысын қосқанда 97 мың теңге), Ресей, Белорусь (250-300 мың теңге көлемінде) тағы басқа елдерге қарағанда тым мардымсыз екенін айтып қалды. Ол әр елдегі майдандас достарымен де хабарласып тұрады.
Көп емделіп, өзі оқи алмаса да ұл-қыздарын оқытты. Қайда барса да машинамен алып жүретін Садықова Нұрбүбі Бөкеңнің аяулы жары, әрі айнымас серігі. Ботагөз, Ақниет атты екі қызы да жоғары білімді есепшілер. «Әке көрген оқ жонар» дегендей. Болаттың ұлы Арман азаматтық авиация жоғарғы оқу орнының студенті. Әр салада еңбек ете жүріп, Медеу, Алмалы аудандарында бірнеше жыл полицияның қоғамдық көмекшісі қызметін атқарған Болат Әлдіғазыұлы бұл күнде «Қарулы күштер ассоциациясы» акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша мүгедектермен жұмыс бөлімінде қызмет істейді. Кеудесінде «Қызыл жұлдыз» ордені мен бірнеше медалі жарқырайды.
Сөз соңында «Кеңес Одағының сол кездегі саясатын түсінбесек те он жылғы сол соғысқа қатысқан мыңдаған қазақстандық бауырларым сияқты патриоттық сеніммен берген антымызға адал болдық!» деп айта аламын деген Болаттың жүзінен, Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылуына 30 жыл толған шақта, Ауғанстанда опат болған бауырлар мен жарымжан мүгедек болып қалған жандардың тағдырын көргендей болдым…
Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.