Біздің тілшіміз «Ж Қаскелең» ЖШС директоры Жеңіс Бектасовпен әңгімелесіп, бірнеше сұраққа (оның ішінде қазіргі кездегі өте өзекті тариф мәселесі де бар) жауап беруін өтінген еді. Сол сұхбатты газет оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.
– Жеңіс Амангелдіұлы, алдымен өздеріңіздің немен шұғылданатындарыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Айтайын. Біздің аудан орталығы Қаскелең қаласында орналасқан «Ж Каскелең» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіміз табиғи монополия субъектісі болып саналады. Негізгі жұмысымыз, әрине, қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету екендігін атап өткеніміз жөн. Ұжымымызда 110 адам еңбек етеді.
Қаланы сумен қамтамасыз ету 22 ұңғыма арқылы атқарылады. Оның ішінде бесеуі басты су жинақталатын жерде, 17-сі жеке орналасқан. Қала бойынша ауыз су құбырының ұзындығы 126,3 шақырымға жетеді.
Ал, су қашырту жүйесі 119,27 шақырым кәріз желілерінен тұрады, оның ішінде Қаскелең қаласынан Боралдай ауылына дейінгі 38,5 шақырымдық су өзі ағатын жоғары қысымдағы коллектор бар. Сонымен қатар, кәсіпорынның Қаскелең қаласындағы екі және Үшқоңыр ауылындағы бір каназизациялық сорғы станциясы жұмыс істейді.
– Сонда қанша адамға, мекемеге су жеткізіп беріп отырсыздар?
– Адам баласы үшін, оның денсаулығы үшін таза ауыз судың өмірлік маңызы бар екені айтпаса да түсінікті ғой. Сондықтан да бұл мәселе қашанда алдыңғы кезекте тұрады. Кәсіпорынымыз 14146 абонемент (жеке тұлғаларға) және 545 мекеме, ұйымға (заңды тұлғаларға) қызмет етеді. Біз жалпы қала тұрғындарының 90% қамтимыз.
– Жеңіс Амангелдіұлы, Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 7 қарашада өткен қауіпсіздік кеңесінің отырысында тариф қалыптастыру жүйесінің айқындығын қамтамасыз ету және коммуналдық төлемдерді төмендету жөнінде нақты тапсырмалар бергені мәлім. Сіздерде осы мәнді мәселе қалай шешілді?
– Мемлекет басшысының үнемі елдің жай-күйіне, әлеуметтік жағдайына бірінші кезекте назар аударатынын бәріміз де жақсы білеміз ғой.
Мына жағдайға да Нұрсұлтан Әбішұлы халықтық мүдде тұрғысынан келіп тұр. Сонымен біз де үстіміздегі жылдың, яғни, 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап су пайдалану тарифын тұрғындар үшін орташа алғанда 5% төмендеттік. Сол сияқты көрсететін қызмет сапасын арттыру жайына да айрықша көңіл бөлудеміз.
– Дұрыс екен. Өз істеріңіз жөнінде тағы не айта аласыз?
– Өткен жылы серіктестігіміздің автопаркы жаңаланды, екі «КАМАЗ» маркалы автокөлік алынды. Сондай-ақ, «Құрылысшы» шағын ауданында су алу үшін ұңғыма бұрғыланып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, әкімшілік ғимаратының сыртқы жағына ағымдағы жөндеу жүргіздік. Су құбыры-кәріз жүйесіндегі 400-ден астам апатты жағдайларды орнына келтірдік. Бұған өткен жылғы қаңтар-ақпан айларындағы қатты суықтың тікелей әсері болғаны анық. Осы жерде бір айта кететін мәселе, су құбырындағы шойын қақпақтардың көп ұрлануы, бұл шынымен де, айтарлықтай проблема болып тұр. Сондықтан да мамандарымыз қала бойынша күнделікті барлық құдықтарды аралап, жіті тексеріп тұрады.
– Соңғы сұрақ. Біздің білуімізше, сіздердің кейбір жұмыстарыңыз туралы тұрғындар тарапынан түсініспеушіліктер болып жатады екен…
– Тура айтасыз. Мәселен, біздегі су құбырлары негізінен көше бойымен тартылған. Ал, әр тұтынушының оған қалай қосылуының тиісті өз тәртібі мен ережесі бар. Әр үйге, пәтерге немесе мекемелер аумағына су кіргізіп беру біздің міндетімізге жатпайды, оны тұрғындар мен мекеме басшылары өздері, өздерінің қаржысымен істеуі тиіс. Яғни, біздің су құбырымыздан ары қарай тартылатын құбырларға біз жауап бермейміз. Міне, дәл осыны бірқатар тұрғындар түсінбейді де,өздеріне қатысты құбырларда апатты жағдай болғанда, қатып қалғанда айқай-шу көтереді де жүреді. Бұл айтылғандар көп қабатты үйлерге де қатысты. Яғни, суды біз оның іргесіне дейін әкеліп беруге міндеттіміз, ары қарай пәтеріне, басқа жеріне су кіргізіп алу олардың өз шаруасы. Тек олардың барлығы біздің келісімімізбен жасалуы керек.
– Жеңіс Амангелдіұлы, әңгімеңізге көп рахмет, еңбектеріңіз жана берсін!
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.