Елбасымыздың 2014 жылы жария еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керектігі айтылған. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» деген еді Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Осыған байланысты соңғы кезде баспасөз беттерінде қазақ жазуын латын әліпбиіне көшірудің амал-тәсілдерін жиі кездестіреміз.
Енді латын әліпбиіне көшудің бес пайдасын айтайық. Иә, соңғы кезде жаңалықтар лентасын шулатқан тақырыптың бірі – латын әліпбиіне көшу. Бұл ұсыныс алғаш бес жыл бұрын сөз етілгенде, алынбас қамалдай көрінгені рас. Енді, міне, жаңа әліпбидің соңғы нұсқасына сай емлесі де ұсынылды. Себебі:
1. Латын әліпбиі әлемдік өркениетке аяқ басуымызға септігін тигізеді. Кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал, дүниежүзі халықтарының 80%-ы осы әліпбиге көшкен.
2. Осының есебінен басқа тілдерді үйренуге мүмкіндігіміз артады. Әрбір жаңа тіл – жаңа әлем. Оның үстіне, латын тілі – жаңа технология тілі, ғаламтор тілі.
3. 1929-1940 жылдары латын әліпбиінде жаздық. Сол замандағы ұлы тұлғаларымыздың шығармалары мен қолжазбаларын келер ұрпақ қиындықсыз оқи алуы керек.
4. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Қандастарымызбен жақындасудың маңызы айтпаса да түсінікті.
Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен төлқұжатымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни, латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал, латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады.
Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқымыз келеді.
5. Әліпби өзгерту төл сөздерімізді жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектесіп, қазақ сөздерінің дұрыс айтылуына ықпал етеді. Бүгінде латын әліпбиі сәнге айналып үлгерді десек, артық айтқандық емес. Әлеуметтік желілерде латын қаріптерімен жазатын жастар жетіп артылады. Осы уақытқа дейін ұсынылған әліпбидің бірнеше нұсқасы әбден реттеліп, жөнге келді. Әлі де қосып-алуды, толықтыруды қажет етеді, әрине. Бастысы, халық болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жаңашылдыққа қолдау көрсетуіміз қажет деп ойлаймыз.
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», – деп Елбасымыз айтқандай, латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ал, ғалымдарымыз осы қаріпті қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз деген пікір айтып, оның тиімді тұстарын нақты дәлелдеп берді.
Г. ОМАРОВА,
Ж. КАЛИЕВА,
В. Белинский атындағы орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері.