Ауданымыздың экономикалық деңгейі өткен жылы едәуір көтерілгенімен, әр ауылдық округте шешімін күткен әлеуметтік мәселелер әлі де бар. Олардың оңды шешімі табылуы үшін уақыт пен қаржының маңызы өте зор. Осындай сан сауалдардың біразын талқылау үшін аудан әкімі Жандарбек Далабаев бір апта бұрын кезекті есептік кездесуін Райымбек ауылдық округінде өткізді. Аталмыш жиын осы округке қарасты Абай ауылының №2 мектебінің мәжіліс залында болып, оған аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының жетекшілері, аудандық және облыстық мәслихат депутаттары және қоғамдық, кеңес пен кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты. Әдеттегідей кездесуді аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев жүргізіп отырды.
Округке қарасты бірнеше ауылдың тұрғындары алдымен аудан әкімі баяндаған 2018 жылдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерден хабардар болып, келер жылда атқарылатын жұмыстармен танысты. Олардың ішінде іске асып жатқандардың бірі – ауданның коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмыстар. Аудан әкімі осыған байланысты «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Жаңтұрмыс, Шамалған ауылдарында сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы жүріп жатқанын айтып, оның аяқталу мерзімі осы жылдың жартыжылдығына жоспарланғанын жеткізді. Сонымен қатар, осы ауылдық округте мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің қолдауымен денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталғаны да халық үшін жақсы жаңалыққа айналды. Аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы осы сияқты ауқымды игі істердің алдағы жылда жүзеге асатанын алға тартып, басқа да сала бойынша жұмыстардың болатынын сөз етті.
Күн тәртібі бойынша аудан әкімінің баяндамасынан кейін жарыссөзге жазылғандардың да айтары ортаға салынды. Алғаш сөз кезегін алған К.Әзірбаев орта мектебінің директоры Динагүл Әбдиева ауылдың тұрмыс-тіршілігі тұрақты екенін айтып, өзі басшылық етіп отырған мектепке күрделі жұмыс жүргізілгенін қоса жеткізді. Осы ретте мектеп басшысы аудан әкіміне ұжымдастарының атынан алғысын айтып, есебіне қанағаттанарлық деген бағасын берді. Ал, ауылдастар атынан сөйлеген белсенді тұрғындардың бірі Фатима Айтқазықызы біраз атқарылған шаруалардың бастыларын атап көрсетіп, ауылдың көркейіп жатқанын мақтан етті. Соның ішінде көпқабатты үйлердің ауласында абаттандыру жұмыстары жүргізілгенін, кейбір көшелерде жарық шамдарының орнатылғандарын атап көрсетті. Сөз соңында аудан әкімінің былтырғы жылғы атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, ризашылығын жеткізді. Осындай жарыссөзден кейін еркін түрде залға жиналған тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалынып, бірқатар әлеуметтік мәселелер көтерілді. Бұлақты ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Леміс Әбдікерімов алдымен пошта мен медициналық пункттің қажеттілігін айтып, аудандық мәслихат депутаты Жанна Жазықбаева, жергілікті тұрғын Тұрсынхан Әбдіғапаров сынды жомарт жандардың жақсылығын көпшілікпен бөлісті. Ал, Қырғауылды ауылының тұрғыны Тұражан Бақбаев су мәселесі мен ауылдағы сыраханалардың ретке келтірілуін талап етті. Осы сияқты мәселелерден бөлек, ауыл мен қала арасында қатынайтын қоғамдық көліктердің тапшылығы мен оның қозғалыс бағыттарына байланысты біраз сұрақтар қамтылды.
Аудан басшысы Жандарбек Далабаев ауылдастардың барлық айтылған өтініштерін тыңдап, рет-ретімен жауап беріп отырды. Осы округтегі кейбір ауылдарда мектеп мәселесі басты орында болғандықтан аудан әкімі оған кеңінен тоқталып, егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Мәселен, осы уақытқа дейін апатты жағдайда тұрған Бұлақты ауылындағы бастауыш мектебінің орнына 600 орындық орта мектеп салу жоспарда бар екенін айтты. Ал, су мәселесін 24 елді мекенді қамтитын «Южная Казачка», «Қаскелең» өзендерінен тартылатын ауқымды жобалық жұмыспен байланыстырып, оның құрылыс жұмыстарының I кезеңін 2019 жылы аяқталуы жоспарда бар екенін түсіндірді. Аудан басшысы басқа да әлеуметтік мәселелерді жергілікті және аудандық бөлім басшыларына тапсырып, тиісті шараларды атқаруды жүктеді. Ал, ауылдық округтің әкімі Елжан Төленбаевқа айтылған тапсырмалардың өз уақытында орындалуын қадағалауды жүктеді.
Сөз арасында Жандарбек Ермекұлы ауылдың өркендеуіне қолғабыс етіп жүрген жандардың жақсылығын айтып, өз ризашылығын білдірді. Солардың арасында 15 сотық жеке меншік жер телімін мешіт салдыруға берген жергілікті тұрғын Тұрсынхан Әбдіғапаровты ерекше айтты. Атымтай азаматтың ауылына осылай көмек қолын созғанын әңгімеге арқау етіп, алдағы ауданның 90 жылдығын бір адамдай атқаруға шақырды. Сондай-ақ, аудан басшысы барлық айтылған сын-ескертпелерді ескере отырып, көтерілген мәселелер оңды шешімін табу үшін өзінің аппарат басшысы Айдын Әуесбайға бір тоқсаннан кейін ауыл тұрғындарымен тағы бір жиын өткізуді тапсырды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.