Енді санаулы күндерден кейін, 2019 жылдың наурыз айында ұлт мұраты, ұрпақ болашағы жолындағы жасампаз істердің көшбасшысы «Нұр Отан» партиясының даңқты жиырма жылдығын мерекелейтін боламыз. Осындай қуанышты сәтте бұдан он жыл бұрынғы оқиғалар – «Нұр Отан» халықтық – демократиялық партиясының он жылдығын атап өткен күндер еске түседі. Ел өміріндегі, Қарасай өңіріндегі елеулі оқиғалардың бел ортасында жүрдім. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партия ардагерімін, сол кездері аудандық «Заман жаршысы» газетінің бас редакторы болдым. Газеттің әр нөмірінде партияның өнегелі істерін, жеткен жетістіктерін насихаттап отырдық.
2009 жылдың 15 мамырында Астанада «Нұр Отан» халықтық -демократиялық партиясының кезектен тыс XII съезі өтті. Онда негізгі болып «Нұр Отанның» 2009-2012 жылдарға арналған іс-әрекеттер стратегиясы туралы мәселе қаралғаны есімізде. Съезде Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі:
– Қазақстандағы ең ірі саяси ұйым, көшбасшы партия – «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XII съезі, партияның он жылдық мерейтойы еліміздің төрт құбыласы түгелденген кемелдену кезеңімен дөп келіп отыр, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Біздер – нұротандықтар еліміздің және қоғамымыздың тағдырына бейтарап қарай алмаймыз!.. Өткен он жыл – бұл серпінділік уақыты, бұл Қазақстанның қауырт даму уақыты. Бүкіл осы жылдарда біз мемлекеттігімізді нығайтуға көп күш пен қаржы жұмсадық, біз инфрақұрылымды дамыттық, экономикалық бұлшықеттерімізді өсірдік. Жаңа елордамыз Астананың салынуы посткеңестік кеңістіктегі ауқымы жағынан ең алып та жасампаз жоба болды. Астана – бұл осы заманғы Қазақстанды дамытудың біздің ортақ табыстарымыздың, бақ-берекеміз бен сенімді болашағымыздың символы. «Нұр Отан» өзінің алдына қойған мақсатына жетуіне толық сенеміз. Ол үшін партия – заман талабына сай жаңашыл болуы тиіс. Саяси бәсекеде өмірді жақсартуға барынша қабілетті болуы керек. Көпшілік қолдайтындай ел сеніміне лайық бола білуі міндет. «Нұр Отанды» мен осындай партия деп білемін.
Алайда өткен он жыл Елбасы сөзінің шындыққа айналғанын дәлелдеп берді. Қазір «Нұр Отан» жаңашыл, көпшілік қолдайтын партияға айналды. Бұл – Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі, сыртқы саясаттағы көрегендігінің күнбе-күнгі қажырлы да титанды еңбегінің жемісі деп білеміз. Жалпы айтқанда, елімізде, соның ішінде ауданымызда жүзеге асырылып жатқан игі істердің басында көшбасшы болып «Нұр Отан» партиясы тұрғандығы белгілі. Президентіміз тікелей жетекшілік ететін осы партияның болашақта да елімізді өркендеуге өз үлесін қоса беретініне деген сеніміміз мол.
Осы тұста «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып істеген Самат Сейсенұлы Тұяқбаевтан Ақшолпан Мараттың алған өнегесі, тәжірибесі мол болғандығын айтуға тиіспіз. Қазір Самат Сейсенұлы зейнеткер, партия ардагері. Кезінде «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында сектор меңгерушісі қызметін атқарған Ақшолпан Марат бүгінде аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып істейді. «Жас келсе – іске» дегендей Ақшолпан Қайратқызы партияның жиырма жылдығын лайықты қарсы алуға аудандағы барлық бастауыш партия ұйымдарын жұмылдыра түсетіндігіне, партия мүшелерінің сенімінен шығатындығына сеніміміз зор.
Жалпыхалықтық партия – «Нұр Отанның» мерейі үстем бола берсін!
Өтесін ҚҰБИЕВ,
«Нұр Отан» партиясының мүшесі,
партия ардагері, Қарасай ауданының Құрметті азаматы.