Бүгінде Еуропаның кейбір елдерінде ерекше үрдіс қолға алынып, атап айтқанда сатушысы жоқ дүкендер көптеп ашылуда. Азаматтарды адалдық пен мәдениеттілікке үйрететін бұл жоба уақыт өте келе біздің елімізге де жетіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен жүзеге асырылып отыр.
Біз үйреніп қалған әдетке мүлдем сай келмейтін Қарасай аудандық әкімдігінде қойылған сатушысы жоқ дүкеннің тоңазытқышы мен сауда үстелінде түрлі тәттілер мен сусындар қойылған. Сонымен қатар, онда барлық тауардың құны да жазулы тұр.
Ең қызығы, тұтынушылар сатушысы жоқ сөрелерден өзіне керекті заттарын сатып алып, ақшасын қасында тұрған арнайы қорапшаға салып кетеді екен. Ал өзіне қайтарым ақшасы болса, сол қораптағыдан есептеп алуға болады.
Бұл идеяның авторлары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және «Ізгілік істер» қоғамдық қоры. Адалдыққа үйрететін бастаманың негізгі мақсаты – барлық азаматтардың шыншылдығын және тәртібін дамыту. Айта кеткен жөн, аталмыш жоба ауданымызда Тұңғыш Президент күні мен 9 желтоқсан – халықаралық жемқорлықпен күрес күніне орай ұйымдастырылған.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.