Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне арналған, «Балалық шағымның куәсі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Мұнда Елбасының сыныптастары бас қосты.
Бар әлемге шын танылдық, міне, біз,
Елін сүйген Елбасы деп білеміз.
Тең аталып Қазақстан – Нұрсұлтан
Нұрсұлтан мен Қазақстан тұр егіз! – деп ақындарымыз жырлағандай, бұл күні Елбасының сыныптастары және оқушылар өзара пікір алмасып, Президентіміздің балалық және жастық шағына көз жүгірткен еске алу әңгімелері айтылды. Қарасай батыр атындағы орта мектеп оқушыларының ойында жүрген сұрағына Жүнісбеков Едіген ағамыз жауап беріп, тәуелсіздік жылдарындағы Президенттің ауыртпалығы үлкен қызметі, оның басшылығындағы түрлі әлеуметтік – экономикалық реформалар тек халықтың игілігі үшін жасалғандығына тоқталды. Қазақстанда барлық деңгейдегі жаңа оқу орындарының, ауруханалардың салынуы, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылып келе жатқаны сөз болды.
Келесі кезекте сөз алған Қыдыралиев Сайлаубек ағамыз бүгінде жүйелі түрде халықпен кездесулер өткізіп, алуан түрлі адамдармен жүздесе жүріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі «ел тамырының бүлкілін» тап басып, танып отыратындығы жайлы баяндап берді. Осы орайда оқушылар тарапынан «Сол өткен 90-шы жылдары Президентпен кездесу мүмкін бе еді? Қандай мәселелермен хабарласып отырасыздар?» деген сұрақтар қойылды. Бұған Елбасы сыныптастары бір ауыздан жеке бастың мүддесін көздеген мәселелердің қойылмайтындығын қадап айтты. Егер шұғыл жағдайлар туындайтын болса, тек қолданыстағы заң аясында ғана қолдан келер көмекті аямайтындығын жеткізді. Президенттің Қазақстанның бірде-бір өңірін, ірі өндірістік кәсіпорнын өз назарынан тыс қалдырмай, республиканың барлық түйткілді мәселелері туралы жақсы хабардар болып отыратындығына тоқталды.
Иә, Елбасының сыныптастарымен болған «Балалық шағымның куәсі» атты бас қосу кеші мектеп оқушыларына үлкен қуаныш сыйлады. Президенттің өмірбаяны жайындағы естеліктерді сыныптастардың өз аузынан есту бәрі үшін де маңызды болды.
Алдағы уақытта да «Атамекен» орталығының ұжымы тағылымдық мәні бар осындай кездесулерді жиі өткізе береді.
Бұлбұл НҰРБЕКОВА,
Алпамыс АБУ.
Тең аталып Қазақстан – Нұрсұлтан, Нұрсұлтан мен Қазақстан тұр егіз!
Home » Жаңалықтар » Uncategorized » Тең аталып Қазақстан – Нұрсұлтан, Нұрсұлтан мен Қазақстан тұр егіз!