Тұңғыш Президент күні – бұл тарихи таңдау күні. Ол барлық қазақстандықтардың Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні!
Елбасы балалық шағынан бозбалалық шағына дейін Шамалған ауылында өсті. Сол кезеңдегі көптеген қиындықтарды басынан өткерді. Кедейліктің, сол заманғы қиындықтың ащы дәмін татты. Жер аударылып келген шешен, орыс, украин, чуваш халықтарымен бір нанды бөлісіп жеп, тату-тәтті өмір сүрді.
Білімге құштарлығы сол балалық кезінде-ақ қалыптасты, Бір естелігінде: «әдетте мені мектепке баруға әтештің шақыруына қарай оятатын. Сағат дегеніңіз атымен болмайтын. Ұйқылы көзбен қалың қарды омбылап, алты-жеті шақырым жол жүріп мектепке жететінмін. Жеткен кезде кейде сағат әлі бес, не алты болып шығатын» – дейді.
Өте еңбекқор, мінезі де өте жақсы, биязы, мейірімді, көмекке зәрулердің әрдайым қасынан табыла кетеді екен.Үйге берілген тапсырмаларды, түнделетіп болсын, шам жарығымен оқиды екен. Сонда әкесі түні бойына от жағып, баласының білімге құштарлығына сүйсіне қарап жүретін. Бір өзінде қазақ-орыс тілінде шешендігі,өнерге жақындығы: домбыра, аккордеон, баян тарту, ән айту, ақындық сияқты қасиеттер болған.
Украинаға, Днепродзержинскіге барып, оқып келеді. Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді. Еңбек жолын есіне алғанда: «кір болған киімімізді қайта киіп алғаннан гөрі, далаға жайып мұз болған киімді дұрыс көретінбіз»-дейді. Көптеген істер атқара жүріп, қызметі жоғарылай түсті. Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партия, комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды, партком хатшысы, Қазақстан КП Орталық комитетінің хатшысы болды.1984 жылдан 1989 жылға дейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, 1989-1991 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Ал, 1990жылдың сәуірінен Қазақстан Республикасының Президенті. 1991жылдың 1желтоқсанында тұңғыш рет Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті.
Әрбір елдің, халықтың бір дәуірлерде қайта түлеуіне, жаңғыру кезеңіне себепкер тарихи ұлы тұлғалар болады. Мысалы, түріктер үшін-Кемал Ататүрік, үнділер үшін-Махатма Ганди. Олардың бірі тарихтан өшіп кетудің алдында тұрған халқын қайта түлетсе, екіншісі отаршылар езгісінде тапталған қалың бұқараның еңсесін көтерді. Біздің Назарбаев та сондай тұлға. Осындай ұлт бақыты үшін туған азаматтың қайраткерлігі, сезімталдығы, көрегендігі, нені қолға алса да жүз ойланып, мың толғанып шешім жасайтын қасиеті қандай! Сайланған күннен бастап, бүгінгі күнге дейінгі дамудың, өркениеттің жолына түскен халқымыз ел өміріндегі бар жақсылықты, әр саладағы сәтті қадамдарды Елбасы есімімен тікелей байланыстырады. Бұл шындық! Елбасының тәуелсіздік жылдары ішіндегі еңбектерімен ауыз толтырып мақтана аламыз. Біріншіден, Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Астанаға көшірді. Бұлай істеу әркімнің қолынан келе бермейді. Сонда Елбасының табандылығы мен көрегендігіне таңдай қаққаннан басқа шара жоқ. Екіншіден, шетелден қандастарды шақырды. Үшіншіден, Қазақстанда экономикаға өзгеріс енгізіп, демократиялы ел болдық. Төртіншіден, «Қазақстан 2050» стратегиясын әзірледі. Одан басқа білім, мәдениет, ғылым, спорт, әлеуметтік жағдай, экономиканы қай жағынан болсын дамыту көзделіп, жолға қойылды. Сондай-ақ, Семей полигонын жабуды және 130-дан астам ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында ынтымақты өмір сүруін атап айтамыз, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық ету, «EXPO-2017» көрмесін өткізу де Елбасымыздың сындарлы саясаты екенін білеміз.
Қорыта айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев – ғасыр тұлғасы, елінің жанын ұғатын, халқын замана көшімен аман алып келе жатқан қамқоршы. Айналасына нұрын төккен, жылу шашқан біздің Президентіміздей тұлғалардың мемлекет пен қоғамдағы алар орны ерекше. Елбасыға тілеріміз – алда да да көк туымызды биіктерде желбірету жолындағы еңбегі жана берсін!
Г. НУРОВА,
Қарасай ауданы қазынашылық баскармасының
бас маман – бас қазынашысы.