Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын ел үшін, қоғам үшін аса маңызды мақаласын, шын мәнінде, ұлт рухының айрықша салтанат құруына бастау, негіз болып отырған ерекше оқиға десек орынды.
Тұңғыш Президентіміздің бұдан бұрынғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жақсы жалғасы ретінде көрінетін бұл ерен еңбек өзінің ой тереңдігімен, тарихи дәлел-дәйектемесімен, мәнді мәселелерімен, бүкіл мақсаткерлігімен тәнті етеді.
Қазақстанның барлық түркі халықтарының алтын бесігі, қара шаңырағы екенін тілге тиек еткен Нұрсұлтан Әбішұлы бірнеше жобаларды батыл қолға алуды атап айтты. Ол жобалардың қай-қайсысы да маңызды.
Сонымен қатар, тарихи сананы жаңғырта отырып, қазақ халқының, оның арғы ата-бабаларының әлемдік өркениет пен мәдениетке қосқан үлесінің қомақты деңгейде екенін жетік білуіміз керектігіне баса назар аудартты.
Иә, біздің рухани және материалдық мәдениетіміздегі жетістіктеріміз сырттан келген жоқ, олар алдымен өзімізде пайда болған, содан кейін ғана бүкіл дүние жүзіне танылды.
Мемлекет басшысының «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» жөніндегі ой-ұсынысының да мән-маңызы үлкен. Иә, егемен елімізде осындай музейді ашуға толық мүмкіндік бар.
Осылайша Ұлт Көшбасшысы алдымызға тағы да түп-тамырымызды жетік біру үшін үлкен міндет пен мақсат қойып отыр. Бұл іргелі істер ұлтымыздың абыройын алда да асқақтататыны сөзсіз!
Серік ҚАЛИЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің директоры.