Асекеңнің бақилық болғанына бір жылға жақындап қалды. Зымырап өтіп бара жатқан дүние-ай! «Өткен уақыт үнсіз мүлгиді, келер уақыт баяу жылжиды, ал бүгінгі күн құйындай ұйытқиды» деген екен бір данышпан. «Жаратқанның назары я жақсыға, я жалғызға түседі» деген де халқымызда сөз бар. Асекең жалғыз емес, бірақ, жақсылардың жақсыcы еді.
Асылжан Керімбекұлы 1942 жылы 2 қазанда Қаскелең ауданы «Политотдел» деген колхозда қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келді. Орта мектепті бітіргеннен кейін колхозда жұмысшы, тракторшы болып, ал 1964-1967 жылдары әскери міндетін атқарып келді. Онан кейін Қазақтың мемлекттік ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін 1973 жылы сырттай оқып бітірді.
1959 жылдан бастап «Политотдел» колхозы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе шаруашылығына айналған еді. Осында ұзақ жылдар бойы бригадир болды. Бұл шаруашылықтың негізгі міндеті егін алқабында, әр салада қызмет атқаратын институт ғалымдарының тәжірибе жұмыстарын уақытында және сапалы жүргізу еді. Асекеңнің білімділігі мен біліктілігі өте жоғары болатын. Мысалы, тырма сұрап келген жас ғалымға былай дейтін еді: «жерді тырмалау ылғалды жабу әдісі. Бүгін түстен кейін және түні бойы жауын жауады. Ертең ол жерге трактор кіре алмайды. Сондықтан, арғы күні кел, трактор мен тырманы беремін». Мұндай мысалдар көп. Ретімен айтылған тұжырымды сөзге ешкім қарсы келмейтін.
Асекеңнің ұйымдастыру қабілеті мол болатын. 1959-1960 жылдары Асылжанның қатысуымен ғалымдардың тәжірибе егістіктеріне апаратын жолдың екі жағына қайың ағаштары отырғызылды (ұзындығы 5 шақырым). Міне, осы саяжолда Асекеңмен бірге отызға тарта зейнеткерлер демалып жүретін еді. Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Райханов Анжанмен бірге Асылжан саяжолдың тоқтаған жеріне бірнеше орындықтар және жаттығуға керекті заттар орнатты.
Асылжан інімнің адамдығы, халқына адалдығы, туған елге жақындығы, өжет-қайсар батылдығы, кең даладай шалқар ерендігі араласып жүргендерді таң қалдыратын. Асекең – Пушкиннің, Маяковскийдің, Есениннің, Омар Хаямның, Абайдың, Мұқағалидың, Қадыр Мырза Әлидың өлеңдерін жатқа айтқанда қасында отырғандарды тамсандыратын, таңқалдыратын.
Асекең қатардағы інілердің ірісі еді, азаматтардың серісі еді. Сегіз қырлы, бір сырлы, жігіттің сұлтаны болатын. Бой десең бойы бар, ой десең ойы бар, дастарханның ажары, отырыстың базары еді. Ақ көңілділігі баладай, биіктігі асқар Алатаудай еді. Жаугершілік заман болса Асекең астына тұлпар мініп, қолына ту ұстаған қолбасшы болар еді. Отырса, екі кісінің, шынтақтап жатса үш кісінің орнын алушы еді. Тұлғасы тұтас, мінезі сырбаз, білекте қуат, жүректе шуақ, сөзге шешен, іске жомарт еді. Сол інімнің орны бос қалды, ағайын!
Аяғын тік басып, мерейі көптен асып, жымия күліп, жағдайыңды қабағыңнан біліп, өмір қарекетін жадына түйіп жүретін еді. Реті келген жерде шешіле сөйлеп беретін, жүйрікше көсіліп беретін, дос сырын бөтенге айтпайтын, қиянат жолға баспайтын, өзі үшін, халқы үшін еш қиындықтан қашпайтын інім еді. Асекең табиғатынан қарапайым, сабырлы, халыққа қадірлі, кішіпейіл, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін азамат еді. Менімен әрдайым құшақтасып амандасатын. Алғашқыда, демалып жүрген азаматтар Асекеңнің тұлғасына қарап, бірінші барып сәлем беретін. Ал, Асылжан оларды тоқтатып: «Алдымен көкеме барып сәлем беріңдер, содан кейін маған келіңдер», дейтін. Иә, сол інімнің орны бос қалды…
Асылжан бір ата-анадан алты ағайынды: бес ұл, бір қыз еді. Үш ұл бақилық болып, екі ұл (Асылбек ағасы), (Мұрат інісі), қарындасы (Оразкүл) қалды. Асылжан мен жұбайы Бейсекүлдің бір ұл (Мұхит), екі қызы (Клара, Айжан) бар еді. Клара бақилық болды. Бірақ, Кларадан бір ұл (Ұлан), бір қыз (Әйгерім) қалды. Мұхиттан: екі қыз (Жәния, Нүрия), екі ұл (Жәнібек, Нұрасыл). Сонымен, Құдайға шүкір, Асекеңнің алты немересі, үш шөбересі бар. Шөберелері – Ұланнан екі ұл, Әйгерімнен бір ұл.
Бейсекүл Исабайқызы 50 жылдан аса Асылжан Керімбекұлының сенімді серігі, сүйікті жұбайы, ақыл қосары,ашу басары, отбасының құт-берекесі болды. Асекеңнің азаматтық алтын басын қадірлеп, пір тұтты, ұлықтады, ұлағаттады, қиын-қыстау кездерде тіреу, сүйеу болды. Асекең Алматының №7 ауруханасында жатқанда Бейсекүл төсек қойғызып, екі жеті бірге жатты. Бақты,қақты, көңілін аулады, тамақтандырды, «жаным, жарым» деп,әңгіме айтты.
Мен інімнің көңілін сұрап ауруханаға барғанда,әңгіме үстінде Бейсекүл бөлмеден шығып кеткен, сондағы Асекеңнің маған айтқаны: «Көке! Мен дайынмын. Тек Алладан тілегім, қинамай алса екен. Менің жаныма батып отырғаны Бейсекүлдің қиналғаны болып отыр, түні бойы ұйықтамайды, әбден жүдеп кетті» деп, екі көзінен жас парлап бетін жуып кеткенде, мен көңілін жұбатып, басу айтудың орнына, өз көз жасыма ие бола алмай қалдым. Міне, нағыз махаббат осындай болу керек шығар.
Әйелдер отбасында бітпейтін тынымсыз тіршілік атқарады, балаларды бағу, тәрбиелеу, туыс, ағайын-жекжат, жора-жолдаспен, елмен, халықпен қажетті қарым-қатынас қалыптастыру әйелдердің еншісінде. Ол үшін әйел қаншалықты ақылды, парасатты, бүкіл елді елдестіруші елші болуы керек десеңізші. Бейсекүл Исабайқызы осы ауыр да абыройлы міндеттер мен талаптардың бәріне толық, лайықты азаматша болып жүр. Асекеңнің төңірегін түгендеді, іргесін бүтіндеді, жетпегенін жеткізді, толмағанын толтырды, болмағанын болдырды, үзілгенін жалғады, өшкенін жақты. Жұбайының демеушісі, жебеушісі, тілеуқоры, сыншысы, сақшысы, шырақшысы болды.
Құрметті Керімбеков әулетінің ұрпақтары, туған-туыстары, дос-жолдастары! Мен Ұмтыл ауылдық округінің әкімдігі атынан, ардагерлердің атынан және өз отбасымның атынан қайғыларыңызға қосылып, көңіл айтамын. Енді бұл әулетте қайғы-қасірет болмасын! Асекеңнің топырағы торқа, иманы жолдас, жатқан жері жарық, орны жұмақтан болсын!
Елтай ХАСЕНОВ,
Ұмтыл ауылдық округі ардагерлер
кеңесінің төрағасы, тыл еңбеккері, Қарасай, Сарқан аудандарының
Құрметті азаматы.