Біздің елде білім беру саласындағы барлық мекемелердің алар орны бөлек. Өйткені, олар Отанның болашағын тәрбиелеушілер. Сол білім ордаларын басқаратын беделі мен білгірлігі қатар жүретін, көшбасшылығы оза тұратын басшылардың еңбегі орасан зор.
Білім беру ұйымының табысты көшбасшысы – оқыту сапасы мен мектеп қызметінің нәтижелілігін қамтамасыз етуші негізгі тұлға болып табылады. Ал, шығармашылықпен жұмыс істейтін басшыларды қолдау, мадақтау және білім беру ұйымының табысты көшбасшыларын насихаттау, білгірлер бәйгесінің болып тұруы заңдылық. Осындай мақсатпен өткен аптаның сәрсенбісінде, Алматы облысының білім басқармасы және облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен, Талдықорған қаласында «Білім беру ұйымының табысты көшбасшысы» атты облыстық байқау өткізілді. Байқаудың басты мақсаты – «Табысты басшы» жобасын жүзеге асыру болды. Байқау шарттарына байланысты бірнеше кезеңдер қамтылды. Олар: «Мен табысты басшымын» интербелсенді таныстырылым; «Табысты білім беру ұйымының заманауи моделі» жобасы; «Білікті менеджер» тест сұрақтарына жауап беру.
Біліктілік шыңдалар сайысқа жалпы білім беру ұйымдарынан 19 мектептің басшылары қатысып, өз тәжірибелерін көпшілікпен бөлісті. Олардың арасында ауданымыздың намысын арқалаған Шамалған бекетіндегі Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебінің директоры Жанар Кулиева да болды. Байқау барысында өзі басқарып отырған мекеменің жемісті жеткен жетістіктері мен озық нәтижелерін жіпке тізіп баяндады. Сын сағатта сыналған мектеп басшысының білім деңгейі мен біліктілігі сарапқа салынып, жақсы көрсеткішке ие болды. Оған ықпал етуші мектеп, ата-ана және оқушы үштік одағының жұмыла атқарған жұмыстарын да айтпасқа болмас.
Сайыс соңында қазылар алқасының шешімімен «Білім беру ұйымының табысты көшбасшысының» бас жүлдесі ауданымыздың абыройын асқақтатқан Шамалған бекетіндегі Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Жанар Шолпанқұлқызына бұйырды! Мектеп басшысының жеткен жеңісі «күш – бірлікте» деген нақыл сөзбен әспеттелгені айтпасақта түсінікті шығар. Өйткені, бұл жетістіктің артында шығармашыл, ізденімпаз, ұйыған ұжымның бірлескен еңбегі жатыр деп білеміз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.