Елбасымыздың халыққа арнаған әр Жолдауында өзіндік мән-мағына мен маңызды бағыттар басым айтылып келеді. Жақында ұсынған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да бірнеше міндеттермен қамтылған жоспарлы жұмыстар анық айтылған болатын. Солардың ішінде Мемлекет басшысының «Келер жыл – жастар жылы» деп жариялайтыны барлық жастарға бір серпіліс болғандай. Жолдаудағы мақсаты айқын осы бағытты жан-жақты талдау үшін өткен аптада ауданымыздағы «Нұр Отан» партиясы филиалының мәжіліс залында ерекше басқосу болды. Бұл жиынға аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова арнайы қатысып, ауданның белсенді жастарымен кездесу өткізді. Жиын барысында Елбасының келесі жылға жоспарлаған «Жастар жылына» қатысты ұтымды ойлар ортаға салынды. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін атқарылған жемісті жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Алдағы уақытта да ауданның жалынды жастарының ықпалымен жүзеге асатын іс-шаралар жоспарланып, «Таңдаулы жастар», «Жастар бірлігі», «Біз – ұлы дала елінің жастарымыз», «Жас кәсіпкер» сияқты форумдардың атқаратын істері жайлы жүйелі жұмыстар айтылды.
Әңгіме барысында аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мәдина Нұрланова да өзекті ойларымен бөлісті.
– Біз – Қарасай ауданының жастары – арманшыл жандармыз. Елдің болашағы біздің қолда болғандықтан, мемлекет үшін аянбай еңбек етуден жалықпаймыз. Әсіресе, ауданымыздың мәдениет саласын жаңғырта дамытуға бар күш-жүгерімізді жұмсаймыз. Осы ретте барлық жастарды ізденіске, білімге, еңбексүйгіштікке шақырамын, – деді жастар жанашыры, әрі жетекшісі Мәдина Кеңесқызы.
Дидар МУХАМАДИЕВ.