Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Сол «бөлшектердің» соңғы кезде тым әлсіз болып, жылдан-жылға жиі ыдырауы қоғамның құлдырауына алып келеді.
Статистикаға сүйенсек, қазір шаңырақ көтерген жұптың үштен бір бөлігі алғашқы жылы-ақ ажырасып жатыр. Ауданымыздың азаматтық хал актілерін жазу орталығының мәліметіне сүйенсек Қарасай ауданы соңғы екі жылдын ішінде некеге тіркелгендер саны 340-қа жетсе, сол некені заң жүзінде бұзғандар саны 1122-ден асып кеткен. Берілген мәліметті растаған мекеменің басшысы Қарлыға Мұхамедбайқызы бұл жағдайдың өте өзекті екенін алға тартады.
– Заңды некені бұзуға келетіндердің дені жастар. Кейде жаның ашиды, себебі ортадағы баланы ойлап жатқан ешкім де жоқ. Ал, біздің қолдан келетіні тек ақыл айтумен ғана шектелу. Ата-ананың өсиетін, ақылын тыңдамаған бала бізді тыңдайтыны екіталай. Сонда да аналық пейілімізді жеткізіп, өмірлік тәжірибемізбен бөлісуге тырысамыз, – деді аудандық АХАЖ басшысы. Иә, білікті маман сөзінің жаны бар. Шындығы сол, қазір отбасындағы сақталар құндылықтардың маңызы қалмай бара жатқан тәрізді. Солардың бірі әлеуметтік мәселені алға тартса, енді бірі соңғы кездері кеңінен етек жая бастаған ғаламторлық байланыстардың жұптар арасындағы татулыққа тыныштық бермей келетінін жасырмады. Салдары көре алмаушылық, қызғаншақтық, түсініспеушілік сынды енжар қылықтарға алып келуде. Арыз бергендердің басым бөлігі «мінезіміздің жараспауына байланысты» деп өз әрекеттеріне түсінік бермек болады екен. Расында, өмірде бәрі адамның өзі қалағанындай бола бермейді. Кенеттен кикілжің басталып, шарасыздықтан ажырасып жатады. Үйленгендердің ошағының ортасына түсуі соңғы жылдары тым көбейіп бара жатқанын көпшілік жаһанданудан келген бір жаңалық деп баға беріп жатыр.
–«Үйлену оңай, үй болу қиын». Бүгінде отбасы болу от басқанмен бірдей. Жыл сайын үйленудің көрсеткіші аз да, ал ажырасудың үлесі көбейіп келеді,–дейді Қарасай ауданының психологы Диляра Шарипқызы. Маманның айтуына сүйенетін болсақ, ажырасуға алып келетін бірінші фактор – ол жастардың ерте некелесудің қиындықтары болатынын ескергені абзал. Отбасындағы барлық ауыртпалық бала көтергеннен бастап жас келіннің иығына түседі. Ерте некелесу дегеніміз – білім алудан қол үзу. Жас күйеуі де балалықтан толық арылмағандықтан әкелік парызын атқаруға дайын емес. Мұндай отбасылардың ғұмыры ұзаққа бара бермейді. Ал ажырасқан жағдайда білім алмаған, оның үстіне баласы бар әйелдің өмірден өз орнын табуы қиынға соқпақ. Екінші фактор – ол перзенттің болмауы. Адамның отбасы құрудағы басты мақсаты – ұрпақ өсіру, артына із қалдыру, бала тәрбиелеу, оның қызығын көру. Бұл қазақ ұлтына тән мінез, тән қалау. Басқа ұлттарда, әсіресе, Еуропа елдерінде бұл ажырасуға себеп болатындай үлкен мәселе емес, олар кез келген уақытта бала асырап алуға дайын, керісінше, өзі туғанға қарағанда, асырап алуды оңай жол санайтындар көп. Оған себеп те жоқ емес. Біріншіден, 30-35 жасты еңсеріп барып, шаңырақ құрады. Екіншіден, осы жасқа келгенде әйел затының репродукциялық қабілеті төмендеп, бала көтере алмай азапқа түседі. Үшіншіден, осы дәрігерлердің айтуы бойынша осы жаста жамбас сүйектері әбден қатып кеткендіктен әйелдің босанған кезінде оның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Біздің елде де кеш үйлену белең алып келе жатқанымен, әзірге 35 жастық межеге жете қойған жоқпыз. Оның үстіне, ұлттық мінезіміз бен менталитетіміз бөлек. Сондықтан біздің елде «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» саналады. Міне, осыдан келіп не үшін жаңа жанұя құрған жұптың бірінің бедеулігі ажырасуға себеп болатынын түсіну қиын емес. Үшінші фактор – тұрмыс тауқыметі. «Ажырасуларыңызға не себеп болды?» – деген сұраққа әйелдердің көбісі: «Күйеуім табыс таппады, жатып ішер, жалқау», – деп жауап береді. Егер ер адам отбасын құруға, бір жанұяны асырауға дайын болмай, соқыр сезіммен, желікпен үйленер болса, оның ақыры ажырасуға соқтырып жатады. Себебі, әйел жаратылысынан арқа сүйер, қамқор ер азамат іздейтіні мәлім. Төртінші фактор – қызғаныш. Орынсыз қызғаныш орға жығады. Бұл көбіне екеудің сеніміне селкеу түсіп, бір-біріне күдігі көбейген кезде қылаң беретін қауіпті сезім. Бесінші фактор ретінде отбасындағы зорлық-зомбылықты айтуға болады. Нәзік жандылардың ер адамдар тарапынан күш көрсетуі, зәбір көруі олардың арасындағы сезімді суытып, отбасылық жылуды жояды. Әсіресе, жазықсыз жапа шексе, бұл әрекет жиі қайталанып тұратын әдетке айналып кетсе, ондай отбасының ертеңі – бұлыңғыр. Өкінішке орай, бұндай оқиғалар бүгінгі қоғамда болып тұратыны жасырын емес. Алтыншы фактор – түсінбеушілік немесе мінездің жараспауы. Түсінбеушілік неден туындайды? Ол екі жастың асығыс отбасын құру туралы шешім қабылдауынан, бір-бірін жете танып-білмеуінен туындайды. Оған себеп үйленгенге дейін көңіл қосып, қазіргі тілмен айтқанда жүріп жүргенде өздерінің шынайы бет-бейнесін, мінезін көрсетпеуі, өздерінің болашақ жары қандай болғанын қалайтынын ашық жеткізбеуі. Осыдан барып, айтқаныңа көніп тұрған қылықты қыз нағыз қырсық қыздың өзі болып шыға келеді, керісінше, алдыңда құрша жорғалап жүрген «кішіпейіл» жігіт өз дегенінен қайтпайтын бірбеткей мінезін көрсетеді. Сондықтан, екі жас үйленгенге дейін неғұрлым өздерін шынайы ұстай білу керек. Егерде бір жақ қателік жасаса, екінші адам оған сабырлық көрсете білу керек. Жетінші фактор – ер адамдарда араққа, құмар ойындарға, есірткі, одан қалса жүріс жүруге әуестік басым болуы. Бұлар әйелдің сабырын түбі бір тауысатын жаман әдеттер. Ішімдікке салынған ер адам дүние мүлкін саудалап, үйден берекені қашырады. Бұдан кейін әйелдің ажырасудан басқа амалы қалмайды. Алайда, осындай жағдайлар ішінара әйелдер арасында да кездеседі.
Осы аталған жеті факторлардан бөлек көптеген себептер бар. Олардың қатарына кінәсін мойындамау, тәкаппарлық, қырсықтық, кекшілдік, ата-енелердің қытымырлығы, өз қалауымен қосылмау, алып-қашу салдары, екі жастың арасына үшінші біреудің от салуы, орынсыз өсек-аяңның кесірі, бір-біріне сенбеу сынды себептерді атауға болады.
Жанұя – шағын мемлекет. Оның ұйытқысы әйел болғаны абзал. Қалғаны отағасына ұйып, сеніп, ере білуі керек. Қандай жағдай болмасын отбасы мүшелері өмірдің кинодағыдай, романдағыдай болмайтынын, оның өзіндік бейнеті барын, оған сабыр ете білу керектігін естен шығармау керек. Ортада бала болса, ажырасу оның психикасына ауыр соққы екендігін, оның ауыр зардабы болуы мүмкіндігін естен шығармаған дұрыс. Бұл жағдай өзіне, ата-ана мен ағайын туысқа да абырой әкелмейтінін ойлау керек. Мұндай қадамға бармас бұрын, басқа жол жоқ екендігіне әбден көз жеткізіп, үлкендердің ақылын алу аса маңызды. Себебі, қабылдағалы тұрған шешімнің артында адам тағдыры тұр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.