Елбасымыздың осы жолғы халыққа ұсынған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы бүгінгі таңда еліміздің барлық аймақтарында жан-жақты талқыланып, насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Осындай мақсатта бүгін Қаскелең әкімі аппараты ұйымдастырған облыстық мәслихат депутаты Мұхит Үмбетовтің қатысуымен түсіндіру жиналысы болды. Абай мектеп-гимназиясында өткен басқосуды аудандық «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат модератор ретінде жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған Мұхит Әбікенұлы Мемлекет басшысының қазақ халқына арнаған Жолдауын жан-жақты зерделеп, тыңдаушыларға басым бағыттарын талқылап жеткізді. Әсіресе, халықтың ойында жүрген өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Сондай-ақ, жиын барысында Керімбеков мектебінің директоры Қанат Байғараев Жолдаудың «Педагогтар мәртебесі» бағытын талқыласа, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Жарқынай Садуова да өз ойын ортаға салды. Мұнан кейін «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында М.Үмбетов қоғамдық қабылдау өткізді. Тұрғындардың өтініштері бойынша бірнеше түйіткілді ойлар қозғалып, біраз шаруалардың түйіні шешілді. Нақты айтқанда қабылдауға жазылған азаматтардың басым көпшілігі ауылға қажет жарық мәселесімен келген. Одан бөлек ауа-райының салқындауына байланысты отын мен көмірдің тапшылығына қатысты сұрақтар қаралды. Атап айтсақ, Жандосов ауылының тұрғыны Қазбек Жақсылықов округтағы электр қуатының әлсіздігін алға тартты. Айтуынша ауылдарында жаңа бағаналар орнатылған, тек үйді үйге электр сымдарын тарту ғана қалған. Ендігі бұл жұмыстың орындалуы мәслихат депутаты басты назарында ұстамақ. Бұдан кейінгі келген, Қошманбет ауылының тұрғыны Анар Алдамбергенова бес баланы тәрбилеп отыр, өзі үйін жалдап тұрады екен. Тағдыры қиын ананың өтініш жерге тастамаған депутат бастапқы пәтер ақысын төлеп беретінін жеткізді. Бұлардың барлығына халық қалаулысы тиісті көмегін көрсетіп, шешімін қарастырды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.