Елбасымыздың бастауымен қолға алынған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ең алдымен халықтың денсаулығын қорғау жүйесіне арналғаны баршамызға білгілі. Ол жұмыс берушілердің, азаматтардың сақтық жарналары мен бюджеттік қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуына кепілдік беруді көздейді. Сонымен, аталмыш бастама екі түрге бөлініп, міндетті және ерікті сақтандыру жолымен жүзеге асырылады. Ал, кеше облыстан келген қонақтар ауданымыздағы жергілікті билік өкілдерімен, мектеп директорларымен және медицина саласының мамандарымен бас қосқан жиында осы тақырып кеңінен өрбіді.
Жиын барысында Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімінің басшысы Гүлнар Жүнісова азаматтар сақтандыру шарттарын жеке өздері жасай алатынын және міндетті медициналық сақтандыру мемлекеттік әлеуметтік сақтандырудың бір бөлігі болып табылатынын айтты. Ал, республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынының Алматы облыстық филиал басшысының орынбасары Біржан Байжанов болса, сақтандыру жарналарының төлену тәртібі жайында толығырақ мағлұмат берді. Сонымен қатар, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек аталмыш бастама әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде (онкологиялық ауру, туберкулез, қант диабеті) және санитарлық авиация жағынан шұғыл түрде медициналық көмек алуға, сонымен қатар, профилактикалық егулерді тегін қабылдауға кепілдік беретінін тілге тиек етті. Бұдан бөлек, кездесу барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің пакеттері, МӘМС жағдайында дәрі-дәрмекпен қалай қамтылатыны жайында және оның негізгі үш қағидасы туралы толық ақпарат берілді. Жиын соңында «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді алға тартқан ұйымдастырушылар тақырыпқа сай әзірленген ақпараттық кітапшаларды қатысушыларға таратты.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.