Қандай да бір ісіңіз мемлекеттік қызметкерлердің кеңесімен шешілу керек болса, бірден сол мамандарға жүгінетініміз анық. Алайда, халық санына байланысты кезек күту мәселесі тағы бар. Соны жеңілдету мақсатында, әрі тұрғындар үшін пайдалы және мүмкіншілігі көп игі шаралар ұйымдастырылуда. Соның бір дәлелі ретінде өткен аптада ауданымыздағы Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекті «мемлекеттік қызметтер» жәрмеңкесі болды. Айына бір рет өткізілетін бұл игі бастаманы аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімі ұйымдастырып отыр. Тұрғындардың сан сауалдарына тікелей жауап беру үшін аудандық бөлімдердің өкілдері келіп, пайдалы кеңестерін айтты. Атап айтсақ, дене шынықтыру және спорт, ветеринария, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы, экономика және бюджетті жоспарлау, еңбек және әлеуметтік бағдарламалар, білім бөлімдерінің өкілдері келді.
Мамандардың басты мақсаты – e.gov.kz «электрондық үкімет» порталы жайлы насихаттап, әрі оның онлайн жүйеде қызметтерді басқару амалдары мен мүмкіншіліктері туралы айту. Сондай-ақ, мекемеге келушілердің мәселелері бойынша сауалдарына жауап беру болды.
ХҚО-ға бас сұққандардың арасынан тиісті бөлім мамандарына жолығып, жеке сұрақтарын да қойып жатты. Мәселен, Тахир есімді ауданымыздың тұрғыны өзін жеке кәсіпкер ретінде таныстырып, дене шынықтыру және спорт бөліміне жолықты. Ол каратэ спортының жаттықтырушысы болып, жасөпірімдерге арнайы мектеп ашқысы келетінін айтты. Соның іргетасы қалануына қандай көмек берілетіндігі жайында білу үшін аталмыш бөлімнің өкілі Нұрлан Жұмановтың кеңесіне жүгінді. Бас маман келген жаттықтырушыға қажетті құжаттарды жинап, бөлімге қайта келіп жолығуын айтты. Осылайша ХҚО-ға келген бір келуші үшін мемлекет қызметкерлерінің пайдасы тиді. Бұдан бөлек, мүгедек II топтағы азамат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бас маманы Ермек Набиевке баспана мәселесі бойынша өз сұрақтарын қойды. Бөлім өкілі тиісті құжаттардың тізімін атап, қолжетімді баспана алудың жобаларын, сондай-ақ, e.gov.kz «электрондық үкімет» порталы арқылы тұрғын үй кезегіне тұруға болатынын түсіндірді.
Осылайша аудан тұрғандарының көпшілігі мемлекеттік қызметкерлермен тілдесіп, мәселелеріне қатысты сұрақтарына өз жауаптарын алды. Әрі e.gov.kz «электрондық үкімет» порталының тиімділігін түсініп, келешекте оның қызметтеріне де жүгінетіндерін айтты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.