Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы төл тарихымызды қайта түлетіп, өткеніміздің өнегелі тұстарын ел санасына оралтып, өшкенімізді жандыруға түрткі болғаны белгілі. Әсіресе, өзіміздің осы өсіп-өнген өлкеге деген ерекше ықыласты білдіретін түрлі шаралар жүзеге асырылуда.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы, халық үшін жанын қиған Бекболат Әшекеевтің ерлігі тарихтан мәлім. Сол бір қатыгездікке толы қиын-қыстау кезде ел болашағына алаңдап, әділетсіздікке қасқая қарсы тұрған батырдың туғанына биыл 175 жыл толып отыр екен. Осыған байланысты осы аптаның бірінші күні, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен, Абай мектеп-гимназиясында конференция өтті.
«Расында да, өткенін білмеген ұрпақтың болашақты бағдарлауы, бағамдауы қиын-ақ. Ғасырлар бойы азаттық үшін арпалысқан бабаларының ерлігінен, еңбегінен бейхабар буын тәуелсіздіктің де қадірін жеткілікті деңгейде бағалай алмас еді. Біздің де ұлт тарихында өзіндік орны бар басты оқиғалар мен тұлғалар төңірегінде сөз қозғап отырғанымыз да сол себепті» – деген алғы сөзімен жиынды аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев бастады. Содан соң қаһарман тұлғаның өмір жолдарынан сыр шертер зиялы қауым өкілдерімен таныстырды. Атап айтар болсақ, білім беру ісінің үздігі, журналистер одағының мүшесі, Шамалған орта мектебіндегі «Президент әлемі» музейінің ғылыми жетекшісі Ақлима Көсемова, білім беру ісінің үздігі, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, білім беру ісінің үздігі,Қарасай ауданының Құрметті азаматы, Елтай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, бірнеше медальдардың иегері Қалида Қосшығұлов және Елбасының сыныптасы Кеңес Байбосынов өз ойларын ортаға салды.
Қазақ халқының арғы-бергі тарихында ұлттық азаттық пен бостандықты көксеген 300-ге жуық үлкенді-кішілі көтеріліс болған. Солардың қай-қайсысы болсын, адамдарды қамту көлемі мен күрес аумағына қарамастан, ұлттық сананы оятып, елдік намысты қайрауға зор күш-жігер берді, түптің түбінде тұтас халық болып ұйымдаса білудің тарихи мәнін мейлінше айқындай түсті. Азаттық жолындағы қанды күресте басын өлімге байлап, кеудесін оққа тосқан адамдардың ерліктері және соған сәйкес айбынды тұлғалары ұрпақтан-ұрпаққа аңыз боп тарап, олар өз дәуірінде ұлттық намыстың тірегіне айналды. Сондықтан да ұлт азаттығы жолындағы күресте қаны селдей ақса да беті қайтпаған, ананың ақ сүтін арда емген боздақтардың бірі де қалмай ел мақтанышы және биік құрметке ие екенін әділеттілік тұрғысында да, тарихи мәнінде де толық тиянақтауға міндеттіміз. Бұл шараның да мектеп қабырғасында өтіп, оқушылардың арнайы шақырылғандығының маңыздылығы осында.
Бұдан бөлек Ақлима Көсемова батыр бабымыз жайында жұртшылық көп біле бермейтін тың деректерге де назар аударды. Жалпы, ата шежіреге үңілсек, ол ырысты қалың Дулат, оның ішінде Жаныс, одан Жайлымыстан шыққан Есенқұл батырдың ұрпағы. Есенқұл жауға шапқанда он ұлы бірге аттанады екен. Есенқұлдың он ұлы: Бигелді, Баубек, Дайырбек, Бидайбек, Сайбек, Тойынбек, Ақылбек, Бибек, Нүсіпбек, Айдарбектер ешкімге есесін жібермеген көкжал текті батыр, алғыр болып өскен. Дайырбек дәулетті, сәулетті болады, одан тоғыз ұл туған. Әшеке төртінші ұлы екен. Жасынан барымта-сыдырымтада бүкіл қырғыз-қазаққа жаужүректілігімен аты шыққан сайыскер болыпты. Тезек төреден де, Қоқан хандығынан да қаймықпай, тіпті, солардың кейбір жүйріктерін, топ-тобымен айдап әкеп Үшқоңырдың жықпыл-жықпылына сүңгітіп жіберіп, ұстатпайды. Тікелей тиісуге қара ормандай жаужүрек ел-жұртынан сескенген қоқан бектері алдап қонаққа шақырып алып, үзеңгісіне у жағып жібереді. Содан Әшеке орта жолда, Шу өзеніне жеткен жерде қаза табады.Сонда уы бойына тарап, ісіп-кеуіп жатқан Әшеке: «Менің атымды түбінде Бекболатжан шығарады, соның төңірегінде болыңдар», депті өлерінде. Әшекенің Тұрысбек, Әменбек, Құрманбек, Бекболат, Албан, Пәзілбек секілді ұлдары шетінен өнерлі, он саусағынан өнер тамған ұста болған.
Бекболат Әшекеұлы 1843 жылы осы Үшқоңыр тауында туған. Ол жасынан арабша оқыған, сауатты, көзі ашық, билікке араласып би болған, орысша жақсы білген, ел ішінде қадірлі, сыйлы, әділдігімен аты шыққан, ағайындарының басын қосып, басшылық жасаған, сөзге ұста, бес мезгіл намазын қаза қылмаған Құран оқыған діндар жан болған екен, оны елі болыстыққа да сайлаған. 1905-1906 жылдары Мекке-Мединеге барып, қажы атанып келген. Немере бауыры Сәт болыс Қарғалыда мешіт сала бастағанда Бекболат бүкіл бауырларымен болысып, бірге салысқан.Бекболат Әшекеұлын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде бүкіл ел-жұрты, Алатаудың күнгейіндегі қырғыздар, Шу бойындағы дұнғандар барлығы бірауыздан басшы сайлап, хан көтерген екен.
Сондай-ақ, жиын барысында Шара Қанатқұлқызы тарихқа бойлай келе, тіл мәселесін көтерді. Айтуынша, ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді, оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Әлемдік өркениет көшінде әрбір ұлт өзінің барлық құндылықтарын, әсіресе, тіл деген ұлы байлығын шама келгенше қорғап, сақтайды. Осы жолда, ұлттық сананың қалыптасу жолында, өткен тарих көшіндегі өнеге-ғибраттарды бойына сіңіру арқылы біз қазіргі аласапыран заманда ұлттық тілімізді қорғап қана, тарихи санамызды жаңғыртамыз.
Бұдан бөлек, Қалида Қосшығұлов пен Кеңес Байбосынов осы тарихи тұлғаның ерлігі туралы өз ойларымен бөлісіп, жас буынды елін, жерін сүюге, төл тарихын кеңінен білуге, зерттеуге шақырды.
Бұл кездесуден оқушылар да қалыс қалмай, белсенділік танытып конференцияға қатысушыларға сауалдарын қойып отырды. Иә, жиында тұшымды ойлар айтылып, Елбасының сара саясаты да сөз болды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.