Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдаулары үнемі тың жаңалықтарымен, халыққа жағымды істерімен елдің ерекше ынта-ықыласын тудырады. Бұл жолы да солай болды. Яғни, Президентіміз «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да көп мәселенің мәніне терең үңіліп, оны шешудің нақты жолдарын анық, айқындап, ашып берді.
Мәселен, Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру мәселесін қойып, «Сапа» – мемлекеттік қызметші өмірінің жаңа стилі, ал, өзін-өзі жетілдіру – оның басты қағидаты болуға тиіс» деп атап көрсетті. Бұл осы салада да жұмыс сапасына айрықша көңіл бөлінуі керектігін білдіреді.
Мемлекет басшысының тағы бір баса назар аударғаны – сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту. Ол үшін «Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал, 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс» деген нақты міндет қойды. Сол сияқты Елбасы салық мәселесін де көтеріп, осы жүйедегі жұмысты сапалы ұйымдастыруға да үлкен мән беріп отыр. Атап айтқанда, көлеңкелі экономикамен күресті күшейте отырып, «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруды ұсынды. Ал, бизнесте өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, Жолдауда «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырамын» делінген.
Президент қойған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолында бәріміз де нақты жұмыстар істеуіміз керек.
Айдын САУДАНБЕКОВ,
Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер
басқармасының басшысы.