Қарасай ауданы Алматы облысындағы өнеркәсіп өндірісі дамыған өңір. Ол, сонымен қатар, инвестиция тартудан, бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерден де алғашқы орында. Аймақтың өркендеуі жайында, туындаған проблемалардың қалай шешіп жатқаны туралы және т.б. көптеген мәселелер жөнінде, 270 мыңнан аса қарасайлықтың мүддесін қорғайтын, аудан әкімі Жандарбек Далабаевпен бір топ журналистің әңгімесі, міне, осы бағытта өрбіді.
– Жандарбек Ермекұлы, біздің білуімізше, Сіз 30 жылға жуық мемлекеттік қызметте істеп келесіз. Ұзақ уақыт Жамбыл ауданын да басқардыңыз. Алдымен өзіңіз және еңбек жолыңыз жайында баяндап берсеңіз.
– Мен Жамбыл ауданынанмын. Балалық шағымда тарих мұғалімі болуды армандағанмын. Алайда, мектептен соң Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті философия-экономикалық факультетіне оқуға түстім. 1982 жылы дипломды маман ретінде туған ауданыма оралдым. Басқа да көптеген адам сияқты мен жұмысты комсомолдан бастадым, онан кейін партиялық қызмет жолына түстім. Аудандық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінде нұсқаушы болып еңбек еттім. Артынан жалпы бөлімді басқардым. Одақ күйреген кезде ауданның бір шаруашылығы директорының идеология жөніндегі орынбасары болдым. Мұнан кейін аудандық маркетинг және менедж-мент орталығының директорлығына шақырылдым. «Отан» партиясы аудандық филиалында кеңесші де болдым. Бұдан соң аудан әкімдігіне оралып, аудан әкімі аппаратының жетекшісі, аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер және идеология жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Ал, 2012 жылы 28 қаңтарда Жамбыл ауданына әкім болып тағайындалдым. Кейіннен облыстық білім басқармасына, облыс әкімі аппаратына жетекшілік еттім. 2014 жылдың 29 тамызынан 2018 жылдың 23 мамырына дейін қайтадан Жамбыл ауданын басқардым. Қазір Қарасай ауданының әкімімін. Осы орайда атап айтарым, бұл біздің Елбасымыздың туған жері, сондықтан да маған үлкен жауапкершілік жүктелгенін терең түсінемін.
– Агроөнеркәсіп кешені мен кәсіпкерліктің дамуы жөнінде, инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын құру жайында, қызықты және аса қажетті жобалар туралы не айтасыз?
– Алдымен атап көрсетерім, ауданымыздың өнеркәсіп саласы бойынша жетекші болып келе жатқаны. Жыл сайын ол өте жақсы даму үстінде. Мысалы, егер 2017 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 136 млрд. теңгеден сәл асса, үстіміздегі жылғы осындай мерзімде 25,9 млрд. теңгеге өсіп, 162,5 млрд. теңгені құрады. Ауданда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Оның аясында Орталық Азиядағы аса ірі «Апорт» моллының үшінші кезегі ашылып, оған 8,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде оның аумағы 210 мың шаршы метрге ұлғайып, жұмысшылар саны 3 мың 600-ге дейін өсті. Оның жанынан француздық «Леруа Мерлен» компаниясының құрылыс материалдары, сондай-ақ, үйге және үй жанындағы учаскеге қажетті сан түрлі тауарлар молынан қамтылған гипермаркеті ашылды. Оның аумағы 12 мың шаршы метр, инвестиция көлемі 6 млрд. теңге, ал, жаңа жұмыс орнының саны – 300.
Сонымен қатар, ауданда ірі алты жүйе құрушы кәсіпорын жұмыс істейді, олардың ішінде «Хамле Компани ЛТД», «RG Brands Kazakhstan», «Kagazy Recycling» ЖШС, «Ефес Казахстан» АҚ, «АзияАгроФуд» АҚ, «Кока-Кола Боттлерс ЛТД» ЖШС бар. Аталғандардың біреуінде, атап айтқанда, «Хамле Компани ЛТД» ЖШС-нде 8 млрд. 700 млн. теңге сомасында инвестиция тартудың нәтижесінде ескі өндірістік желілерге қайта құру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туды. Жыл аяғында кәсіпорын толық күшінде жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, Қаскелең қаласындағы «Мадонна» кешеніндегі қонақүй құрылысына 50 млн. теңге инвестиция бағытталды. Бұл жерде 20 жұмыс орны ашылатын болады. Индустриалды-инновициялық даму бағдарламасы аясында Шамалған бекетіндегі сірне мен крахмал шығарумен шұғылданатын «АзияАгроАуд» ЖШС-нде енді жүгері майын шығару ісі жолға қойылатын болады. Тартылған инвестиция көлемі 471 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар, Райымбек ауылдық округінде үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында «Шульгин» жеке кәсіпкерлігінде нан мен бауырсақ пісіретін цех ашылмақшы. Қазірдің өзінде осы шағын өндіріске 120 млн. 270 мың теңге жұмсалып отыр. Мұнда 30 жұмыс орны құрылмақшы. Ал, Әйтей ауылдық округінде жыл аяғына дейін «Сұңқар Таң» ЖШС шұлық және тоқыма өндірісін жолға қоюды жоспарлауда, мұнда да 16 жұмыс орны құрылатын болады. Бұл ретте инвестиция көлемі 8 млн. теңгені құрайды. Осы жерде айта кетейін, аудандағы шағын және орта бизнесте бүгінде 63 мың 598 адамды қамтитын 13 мың 327 субъекті жұмыс істейді. Биылғы сегіз ай ішінде олардың қызметінен мемлекет қазынасына 11 млрд. теңге түссе, өндіріс көлемі 35 млрд-тан аса теңгені құрады. Қазіргі кезде жергілікті әкімдерге белсенді түрде жаңа шағын өндірістерді ашу жұмысы тапсырылып отыр. Сонымен қатар, төртінші бюджеттің енгізілуі аясында көптеген салық тікелей округтердің өзіне түседі. Олардың жиналуына қарай елді мекендердің кейбір мәселелерін шешуге мүмкіндік туады. Осы жерде атап өткім келеді, біз инвестиция тартудан облыста тұрақты түрде бірінші орындамыз. Бұл ретте негізгі капиталға инвестицияның 53,4 млрд. теңге құрағанын, ал, физикалық көлем индексінің 105,1% болғанын айтсақ та жеткілікті. Ал, 2017 жылғы осы кезеңде инвестиция көлемі 43,5 млрд. теңгеге тең болып еді. Осылайша, осы жылдың өзінде ол 9,9 млрд. теңгеге өсіп отыр.
Тағы бір мәселе, бізден Үлкен Алматы айналма автожолы – БАКАД-тың негізгі бөлігі өтеді. Оның да көп мөлшерде инвестиция әкелетіні сөзсіз. Сол сияқты Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнымен бірге бізге, тіпті, шағын нысандарды салсақ та, өзіміздің инвестициямызды да салуға тиіспіз. Ал, жол бойындағы сервиске келсек, ол да халықаралық стандартқа сәйкес болуы керек.
– Қазіргі кезде аграрлық саланың дамуы қалай?
– Бұл жүйеде үш мемлекеттік және 2567 шаруа қожалығы, сондай-ақ, 27 өндірістік кооператив және 101 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі 80 мың 701 гектарды құраса, оның ішінде 32 мың гектардан астамы егістік алқап, оның 13 мың 131 гектары суармалы жер және 2 мың 665 гектар жайылымдық бар. Бидай, майлы дақылдар, көпжылдық шөп, картоп және көкөніс, жемістер мен жидектер өсіреміз. Сонымен қатар, ет, сүт, жұмыртқа өндірісі жолға қойылған. Жылыжайлар жұмыс істейді. Айтқандай, Жамбыл ауылдық округінде төрт гектарлық жаңа жылыжай салынуда. Осының бәрі қарасайлықтардың елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ірі мегаполис – Алматы қаласы төңірегінде азық-түлік белдеуін жасауға қосып отырған өзіндік үлесі.
– Әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт туралы не айтуға болады?
– Алдымен үшауысымды мектептер проблемасын шешу мәселесі тұр, олардың саны бүгінде тоғыз. Үшеуінде – Мәметова, Керімбеков және Абай ауылындағы Абай мектебінде жапсаржай құрылысы жүргізілуде. Басқа төртеуі бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Сондай-ақ, Үштерек ауылында тағы бір мектеп салу жоспарлануда. Көп оқушысы бар Жармұхамбет пен Жамбыл ауылдарындағы мектептер мәселесін де шешу керек. Ал, Әйтей ауылында жуық арада, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады. Бұл үшін 3,53 гектар жер учаскесін табудың және ерекше жоба жасаудың сәті түсті. 2019 жылы 1 қыркүйекке пайдалануға беру жоспарланған.
Бірінші сыныпқа барушылардың саны әлдеқайда артты, ауданымызда олардың саны 7 мың 430 бала, ал облыста 49 мың.
Біздің балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтуымыз – 92%, бұл жақсы көрсеткіш. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен Қаскелең қаласындағы аттас тұрғын үй кешенінде салынған «Қарлығаш» балабақшасының ашылуына даярлық жасалуда. Ол техниканың ең соңғы жетістіктеріне сай, оның ішінде цифрландыру бағдарламасы да бар, жабдықталған. Осындай әріптестікпен тағы да 25 балабақша ашуға әзірлік жасалуда. Оларды «Балапан» бағдарламасына енгізбекшіміз.
Денсаулық сақтау саласында орталық аудандық аурухананың жаңа ғимаратын салу қажеттілігі пісіп-жетілді, оған бөлінген төрт гектар жер дайын тұр. Ауданда төрт мәдениет үйі бар. Алда Шамалған ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу мәселесі тұр. Аудандық кітапхананың күрделі жөнделуі аяқталуға жақын.
Сонымен қатар, салтанатты шараларды өткізу үшін, аудандық мәдениет үйі аумағын абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты аудан әкімдігі алдындағы орталық алаңды абаттандыру мен көгалдандыруды да мақсат етудеміз. Балаларға арналған ойнайтын жері бар мәдениет және демалыс саябағын ашуды да ойластырғанымыз жөн. Шығармашылық ұжымдардың ішінен, шын мәнінде, қарасайлықтардың мақтанышына айналған, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлесін қосып жүрген «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблін бөле-жара айтар едім.
Бұлармен қатар, спорттық нысандар да салынуда. Мәселен, жақында ғана Қаскелеңде осы заманғы денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, оның базасында енді №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеуде, ал, Шамалған ауылында тағы бір осындай нысанның құрылысы жүргізілуде. Ол жерде халықаралық деңгейдегі жарыстар өтеді деген сенім бар. Сол сияқты Райымбек ауылында да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде осындай нысан салу ісі қолға алынуда.
– Аудан тұрғындарының тұрғын үй проблемалары қалай шешілуде? Осыған байланысты бірқатар мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша жағдай қандай?
– Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан тамыз айына дейін жоғарыда аталған бағдарламалар аясында 121 мың 922 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7,1% көп. Ал, «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша айтсақ, «Қарлығаш» шағын ауданында «Еламан» ЖШС тұрғызған екі елу пәтерлік үй дайын тұр. Қазір бұл мәселе банктер деңгейінде шешілуде. Осы жерде 50 және 40 пәтерлік тағы да екі жалға берілетін үй салу жоспарлануда. Мұнымен бірге, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Елтай ауылдық округі аумағында тұрғын үй құрылысы үшін 10 гектар жер бөлінді. Оның инфрақұрылымы мәселесін шешуге тапсырыс беріліп қойылды. Әрине, инженерлік коммуникациялар тартылған кезде үй салу оңайға түсетінімен келісетін боларсыз. Сол сияқты Әйтей округінде «Өмірзақ» тұрғын үй кешені таунхаус құрылысы үшін 33 гектар жер бөлінді.
– Жылыту маусымы алдында қарасайлықтарда көп проблема туындамайтыны белгілі, өйткені, аудан 99% газдандырылған. Алайда, сумен қамтамасыз етуде шешімін күткен мәселелер бар. Олар бойынша не істелуде?
– Бұл мәселенің күрделілігі сол, көптеген су көтеретін мұнаралар бүгінде жеке адамдардың қолында. Біздің жеріміз таулы-тасты болғандықтан, жаңасын қазу оңай емес. Бұл ретте ұзындығы 22,9 шақырым Қаскелең топтық су жүйесіне үлкен үміт артып отырмыз. Оны біз «23 + бір» деп атаймыз, себебі, ол 23 ауыл мен Қаскелең қаласын қамтиды. Оның құрылысына 2млрд. 660 млн. 103 мың теңге бөлінген. Осы аса айрықша жобаны жүзеге асыру жұмысы сонау 2013 жылы басталған, 2016 жылы аяқталуы керек еді. Бірақ, 2014 жылы жұмыс тоқтаған. Қазір құрылысы қайта басталды. Ол үш кезең бойынша жүргізіледі. 214 млн. теңге бөлінген, оның 94 млн. теңгесі биыл игерілуі керек. Жоба көптеген проблеманы шешуге мүмкіндік береді. Ал, бұл мәселенің қайтадан қолға алынуында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиеваның үлкен еңбегі бар. Сонымен қатар, бірқатар ауылдар, Жандосов, Қырғауылды, Көкөзек, Абай елді мекендері бойынша жекелеген жобалар да бар. Осы тұрғыда және «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үлкен жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Жаңатұрмыс және Шамалған ауылдарындағы сумен қамту жүйесін жөндеуге 875,7 млн. теңге бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Таусамалы қызмет» МҚК жүргізуде.
– Электр қуатымен қамту, әсіресе, Елтай ауылдық округіндегі өнеркәсіп аймағын, жөнінде не айтар едіңіз?
– Алдымен осы округтегі Көкөзек ауылында салынатын электр подстанциясына үлкен үміт артылуда. Соның арқасында осындағы өндірісшілердің проблемалары шешілмекші. Сондай-ақ, аудан көлемі бойынша да мәселелер шешілетін болады.
– Жол сапасына байланысты мәселелер де бар ғой. Оларды жөндеу, жарықтандыру, абаттандыру жөнінде не істелуде?
– Осы орайда аудан бойынша ұзындығы 8,6 шақырым болатын тоғыз көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын айта аламын, бұл үшін 304,2 млн. теңге бөлінген. Сол сияқты 7 шақырымдық бір көшеге 22,2 млн. теңге бөлініп, орташа жөндеу жүргізілуде. Жарықтандыру бойынша да үлкен жұмыс атқарылуда. Мәселен, Шамалған ауылындағы Жібек жолы мен Мақатаев көшелеріне 3 млн. теңге бөлініп, жарық шамдар орнатылды. Сонымен қатар, Шамалған ауылына апаратын жоғарғы трассаны абаттандыру жұмыстары басталды. Алматы-Бішкек трассасындағы жаяу жүргінші көпірлерін салуға айрықша көңіл бөлінуде. Олар «Асыл Арман» тұрғын үй кешені ауданында, Алмалыбақ ауылында және «Үшқоңыр» автовокзалында салынады. Сол сияқты алда осы трассадан Қаскелеңге бұрылатын жердегі мәселені де шешу тұр. Мүмкін, мұнда бағдаршам орнатуға тура келер.
– Аудан аумағында «Алтын орда», «Барлық» базары, «Апорт» моллы және «Леруа Мерлен» сияқты ірі сауда орындары орналасқаны белгілі. Бір жағынан олар біздің экономикамыздың дамуына, адамдарды жұмыспен қамтуға, олардың бос уақытын ұйымдастыруға үлкен үлес қосса, екінші жағынан автокөлік кептелісіне ықпал етеді…
– Осы орайда, осы учаскедегі автокөлік кептелісі проблемасын шешу үшін, жол айырығы құрылысын жүргізуге қол жеткізген, облыс әкімі Амандық Баталовтың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Мұндағы жұмыс қызу атқарылуда. Ол аяқталғаннан кейін Қаскелеңнен Алматыға дейінгі жол уақыты әлдеқайда қысқарады, жолдың сапасы да жақсарады. Бітуі 2020 жылға жоспарланған.
– Осы сауда орталықтарына таяу жерде, Алматы-Бішкек трассасы жанында «Асыл арман» тұрғын үй кешені орналасқан. Бұл жерде қандай проблемалар бар және олар қалай шешілуде?
– Көп уақыт «Асыл Арман» тұрғын үй кешені тұрғындары, ал, олар 20 мыңнан аса адам, жаман иіс шығатыны туралы шағымданып келді. Қазіргі кезде бұл проблеманы шешуге жалпы 877 млн. 453 мың 815 теңге, оның ішінде облыстық бюджеттен 50 млн. теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 596 млн. 887 мың теңге бөлінді. Бұл жұмыстар сүзгілеу алқабын рекультивациялаумен аяқталады. Аталған проблеманы шешуге тазалау қондырғысын орнатуға айтарлықтай қаржы бөлген «Kagazy Recycling» ЖШС басшылығы үлесін қосты. Осы тұрғын үй кешенінде жақында ғана ауылдық дәрігерлік амбулатория ашылды. Ал, қазір мектеп салуға жер іздестірілуде.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында не істелді?
– Алдымен айтарым, Шамалған ауылындағы «Атамекен», Райымбек ауылдық округі аумағындағы «Батыр бабаларға тағзым», «Анаға құрмет» сияқты тарихи-мәдени орталық, мемориалды кешен қарасайлықтардың мақтанышына айналып отыр. Бұл жерлерге біздің жастарымыз, құрметті қонақтар, тұтас делегациялар жиі келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға үлесін қосқан меценаттарға үлкен рахмет айтамыз!
– Көптеген мектептер мен колледждермен қатар, аудан аумағында Сулейман Демирел университеті бар. Оның ұжымы аудан өміріне қандай үлес қосуда?
Қаскелең қаласында бізбен жақсы, жемісті қарым-қатынастағы осындай жоғары оқу орны болғанына, әрине, қуанамыз, мақтанамыз. Ең алдымен СДУ базасында аудан мұғалімдері өздерінің біліктілігін көтере алады, ағылшын тілін үйренеді, жаңа технологияны, оның ішінде робототехникасын меңгере алады. СДУ оқытушылары мен студенттері мобильді қосымшалар жасауда, оның ішінде «Рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша да, үлкен жұмыс атқаруда. Мұнда өздерінің технопаркі жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру аясында, университет аумағында жатақхана салуды жалғастыру мәселесі шешілуде. Сөз жоқ, бұл өте тығыз әрі өзара тиімді қарым-қатынас, ол алда да жалғаса беретін болады.
– Биыл Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында «Қаскелең» агропаркі де ашылды ғой. Сіздің ойыңызша, оның аграрлық салаға қосар үлесі қандай болмақ?
– Бұл ғылыми мекеменің ондаған жылдар бойындағы жұмысы ғылым мен өндірістің өзара тығыз байланысына бағытталған. Яғни, ғалым-селекционерлер ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары мен буданын шығарады, жаңа технологияларды жасайды, ал диқандар оларды өз жұмыстарына енгізеді. Осы орайда агропарктің рөліне баға жоқ деуге де болар еді. Бұл облыстың барлық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері институт ғалымдарының жұмыстарын өз көзімен көруіне, келісімшарттар мен контрактілер жасауға үлкен мүмкіндік беретін дайын алаң. Мұндай ықпалдастықтан ғылым да, экономика да ұтады.
– Сіз бос уақытыңызда немен айналысасыз? Адамдардың бойындағы қандай қасиеттерді бағалайсыз? Өмірде және еңбекте қандай принциптерге сүйенесіз?
– Шынымды айтсам, менде бос уақыт мүлдем дерлік болмайды. Алайда, ондай мүмкіндік туа қалса, кітап оқуды өте жақсы көремін.
Менің жақсы көретін жазушымның бірі – Шыңғыс Айтматов. Сол сияқты көптеген қазақ қаламгерлерінің, оның ішінде Әзілхан Нұршайықов, Мұқағали Мақатаев бар, кітаптарын оқимын. Маған облысқа белгілі ақын, журналист Рәтбек Терлікбаевтың да шығармашылығы мен өмірлік позициясы ұнайды. Адам бойындағы әділдік, сенімділік, тәртіптілік сияқты қасиеттерді жоғары қоямын. Ал, менің өмірлік ұстанымым – өз елімізге, өз халқымызға адал қызмет ету. Өйткені, егер сен жақсы бір нәрсе істесең, ол жаратқаннан өзіңе және ұрпағыңа жақсылық болып оралады.
– Сіздің газет оқырмандарына деген тілегіңіз…
– Алдымен, әрине, амандық тілеймін. Адамға ең қымбаттысы оның отбасы. Ал, біздің отбасымыз мығым болса, мемлекет те мықты болады. Сондай-ақ, біздің бақытты өмірімізге кепілдік беретін елдегі тыныштықты, тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқандар Атлана ИСАЕВА,
Танзиля МҰХТАРОВА,
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.