«Заман жаршысын» қарап отырып, мерейтойлары өтетін аудан азаматтарына көзім түсті…
…Менің бала кезім. Соғыс бітіп, майданға кеткен азаматтар оралып жатты. Отан қорғаушылар елге келгеннен кейін бейбіт өмірдің тіршілігіне белсене араласып кетті. Колхоздың әйелдер, қарттар, қала берсе, біз сияқты жасөспірімдер атқарған ауыр жұмыстарын енді ер жігіттер қолға алды.
Менің анам Асанжан атаның звеносында қызылшашы болып жұмыс істеді. Таңның атысынан жұмысқа кетеді, үйге кешке бір-ақ келеді. Қызылша егістігі ауылдың жанында болатын, мен түс кезінде анамның жанына барып, қолғабыс жасап жүрдім, су алып келем, шай қайнатуға қурай теремін… Асанжан ата қызылшаның арасында қалып қалған шөп-шырмауықты бізге тергізеді. Өзі үлкен кетпенін иығына салып, су бұруға барады. Ол кісі бойы ұзын, палуан денелі, иығындағы кетпені батырдың шоқпары сияқты көрінетін. Жүйектерге су жібермес бұрын, үлкен шұңқыр қазады. Оған тауықтың, малдың көңін салып, суға араластырып бөктіріп қояды. Біз сұраймыз: «Ата, мынау неге керек?» – деп. Сонда: «Бұл қызылшаға «мәмпәси» – деп жауап беретін. Біз бұған таң қаламыз, қызылша да «мәмпәси» кәмпит жейді екен, деп. Бұл қандай мәмпәси екен деп күтіп отырамыз. Оны жақсылап араластырып, сонан соң қызылшаның арықтарына сумен жібере бастайды. Әр түп қызылша суды қанып ішсін деп қадағалап, шалбарын тізесіне дейін түріп қойып жалаң аяқ аралап жүріп суарады. «Міне, балалар, қызылшалар «мәмпәсиді» сумен жеп жатыр» деп бізбен қалжыңдасып қоятын. Жұмыс істеп жүріп, бізге әңгіме айтып, көңілімізді де көтеретін. Күннің ыстығында да осы дақылды қарап, мәпелеп, бір отырмаушы еді. Күз болып, қызылшаны жинай бастағанда, олардың біреуінің үлкендігі аттың басындай болатын еді.
Сол 1947 жылдың күзінде де ауыл аймақ болып қызылша жинадық. Одан біз, балалар да, қалыспадық. Ел аузынан: «Биыл мол өнім алдық» деген сөздерді естіп жүрдік. Сонымен, ең ақырғы машинаға қызылшаны тиеп, бір машинаға звенодағы адамдар мініп, Боралдайға ақырғы өнімді өткізіп, «суретке түсеміз» деп кетті. Мен және Омар деген досым екеуіміз жылаған бойда қалдық… Енді қарап отырсам, сол «мәмпәси» жеген қызылшаның әр гектарынан сонда 802 центнерден рекордтық өнім алып, Көбелеков Асанжан атамыз Еңбек Ері атанды. Звено мүшелері – Берікова Бибі апамыз «Еңбек Қызыл ту» орденімен, Бисариева Алтын апамыз «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Қалған звено мүшелері медальдарға ие болды. Менің осы жерде атап айтарым, ел үшін еңбектенсең, елің ешқашан ұмытпайды екен!
Міне, ардақты атамыздың туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Жас ұрпаққа өнеге болсын деп өзінің туған ауылында бір көшеге Көбелеков Асанжан аты берілген. Енді кейінгі жастар білсін деген ниетпен Қошмамбетов мектебінде атаның еңбек жолын көрсететін бұрыш ашылса деймін.
Амангелді ТОЛЫНБЕКОВ,
Жамбыл ауылдық округі
ардагерлер кеңесінің төрағасы.