Жуырда, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева қабылдады. Жиында, тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінің қатысуымен, тұрғындардың бірқатар мәселелері талқыланды. Атап айтар болсақ, Жандосов ауылының тұрғыны Мұхамедқали Күбенов автобус жүргізушілерінің балаларды тегін отырғызбайтынын алға тартты. Осы мәселе бойынша Айжан Нұрділдәқызы білім бөліміне рейд жасауды тапсырды. Ал, Ұмтыл ауылдық округіндегі мектепке балаларды тасымалдайтын төрт көліктің аздық ететінін айтқан Алтынай Дүйсеноваға, бұл мәселенің қарастырылып жатқаны және жақын арада екі көлік берілетіндігінен хабардар етілді. Бұдан кейінгі, Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Жарқын Айтмамбетоваға сөз еткен үшауысымды мектеп мәселесі жөнінде де жауап берілді. Яғни, бұл мәселе алдағы уақытта Батан ауылында салынайын деп жатқан 450 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталған соң шешіледі екен. Сондай-ақ, Іргелі ауылдық округінің тұрғыны Олеся Григоренконың мұғалімдік қызметке жұмысқа орналасамын деген сұранысы бойынша түйіндемесі білім бөліміне берілді. Қоғамдық қабылдаудың соңында Айжан Назарбаева жалпы барлық өтініштердің назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Мемлекеттік қызметші ретінде халықтың тұрмыс-тіршілігі, әл-ауқаты әрдайым жіті бақылауда екенін түсіндіріп, жиналысты қорытындылады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.