Тамыздың 31-інде Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» атшабарында Конституция күніне және Астананың 20 жылдығына арналған Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы үшін ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыс өтті. Бұл күні ұшқан құстың қанатын талдырып, тұлпардың тұяғын тоздыратын кең байтақ еліміздің төрт қиырынан атбегілер келіп, желмен жарысқан 200-ге жуық сәйгүліктің бабы сыналған дүбірлі дода болды. Мерекелік шараға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылуындаМемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін облыс басшысы Амандық ҒАББАСҰЛЫ сөз алып, ұлттық ат спорты ойындарының жанкүйерлерін еліміздің одан әрі өркендеуі мен қоғамдық келісімінің берік кепілі болып табылатын Конституция күнімен және Астананың 20 жылдығымен құттықтады. Көкбастау атшабарында Президент кубогы үшін жыл сайын жалауын көтеретін дәстүрлі жарыстың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрімізді, спортты дәріптеп, саламатты өмір салтын қалыптастыруда алар орны зор екенін атап өтіп, ұлттық ат спортын дамытуда атбегілердің еңбегіне табыс, бүгінгі додаға түсетін шабандоздарға сәттілік тіледі. Қадірменді ақсақал, еңбек ардагері Алдаберген Оңғарбайұлының ақ батасынан кейін жарыс басталып кетті. Ат спорты ойындарының ережеге сай өтуін ұлттық дәрежедегі төрешілер қалт жібермей қадағалады. Тай, құнан, жорға, топ бәйгелердің әрқайсысына бес жүлдеден тігілсе, аламанға жеті жүлде тағайындалды.
Алдымен тай жарысы болды. Жүйрік болар жылқы тай кезінен танылары белгілі. Бес шақырымға топырласа шапқан қырыққа жуық тай бір-бірімен тайталасқа түсті. Бірінші болып Жамбыл ауданынан Ұлан Омаровтың «Хантәңірі» деп аталатын тайы келіп, үстіндегі шабандоз Жақсылық Серікжанның мерейі үстем болды. Екінші болып Қарасай ауданынан Әлнұр Назарбаевтың «Фердоусы», үшінші орында Талғар ауданынан Мирхат Бұлғыновтың «Тұмары», төртінші Жамбыл ауданынан Айсұлтан Серіковтың «Қарақұсы», бесінші болып Алакөл ауданынан Ернар Байбатыровтың «Лашыны» келді. Одан кейін аш күзендей шиыршық атқан 43 құнан 11 шақырымға тізгін босатты. Бірінен-бірі оза шапқан қылқұйрықтардың арасы айналым асқан сайын ұзай берді. Соңғы айналымда мәре сызығын бірінші болып қарасайлық Әлнұр Назарбаевтың «Нұрқасқасы» қиды. Артынша талғарлық Мирхат Бұлғыновтың «Барбарасы», Жамбыл облысынан Мұрат Өсербаевтың «Астанасы», төртінші және бесінші болып Шығыс Қазақстан облысынан ат арытып келген Максим Рыбалкиннің «Ханзада» және «Шолпан» атты құнандары келіп,тиісті жүлделерді еншіледі. Құйрық-жалы сүзілген 41 тұлпардың топ бәйгеде 16 шақырымға қолтық жазуы да жанкүйердің жан-жақтан қиқу салуымен қызықталды. Нәтижесінде Жамбыл облысынан Сәрсен Сатышевтың асығы алшысынан түсіп, шабандоз Сайлау Жоламанұлының тақымында жұлдыздай аққан «Жүректоры» иесіне темір тұлпардың бірін сыйлатты. Балғын есімді балақай тізгінін тартқан «Қарашаш» екінші келіп, ат иесі қарасайлық Әлнұр Назарбаев осы бәйгеге тігілген екінші автокөлікті ұтты. Үшінші орынды да Әлнұрдың «Жел» атты жүйрігі жеңіп алды. Кербұлақ ауданынан Әділет Нұрбековтың «Лауласы» төртінші, сонау Қызылордадан ат қосқан Эмиль Игенбаевтың «Бесқасқасы» бесінші болып келіп, ақшалай бәйге алды. Төрт аяғы тайпалған жорға десе желпінбейтін қазақ бар ма, сірә! Сусылдап ала жөнелгенде үстінде су төгілмес жорғаның жүрісі аса жайлылығымен ерекшеленеді. Атшабарда он алты жорғаның аяқ алысы 9 шақырымдық қашықтықта сыналды. Астана қаласынан Мүтәлінің «Эдельвейс» атты тоғыз жасар торы жорғасының жылдамдығы мен жүрісі бәрінен басым түсіп, алда келді. Тік отырып тізгін тартқан шабандозы – Андрей Ровда. Шығыс қазақстандық Николай Шапоревтің он екі жастағы күрең жорғасы екпіндетіп екінші жетсе, үшінші жүлдені «Космос» атты қара жорғасымен алакөлдік Қапсалаңовтар әулеті алды. Жарыс жолын төртінші, бесінші болып Сарқан ауданынан Оралбек Исмайыловтың «Теміртасы» мен Алакөл ауданынан Бауыржан Оспановтың «Иветти» көк жорғасы аяқтады.
Қалың көрермен тағатсыздана күткен аламанға да кезек жетті. Өйткені, мұнда жарыстың Бас бәйгесі – Президент кубогы үшін сорғалай тер төгілмек. Сөреден тізгін жіберген жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деген 55 сәйгүлік даланы дүбірлете 25 шақырымға бауыр жаза көсілді. Аламанға жеті атқа бәйге тігілген еді. Жиырма бес шақырым бойы желдей ескен шабысқа жүйріктің жүйрігі ғана шыдас берді. Демі жетпей үздігіп, шаң қауып жолда қалғандары қаншама. Сонымен, ұзаққа шапқаннан Жамбыл облысынан Артығали Миразовтың «Қаракөзі» бәрінен озып, ресейлік жол талғамайтын «Уаз Патриот» Джип көлігін иесіне тақымдатты. Екінші болып Әлнұр Назарбаевтың күрең бестісі «Бұйражал», үшінші – аққайнарлық Ғабит Үмбетовтың «Көкдауылы», төртінші – Тараз өңірінен Қазыбек Мақанғалиевтің «Нұрқасқасы»,бесінші – Алматы қаласынан Әбдусамат Рүстемұлының «Томирисі» келді. Одан кейінгі ақшалай бәйгелерге «Жібек», «Көк» деген жүйріктері арқылы Жамбыл ауданынан Медет Иманғалиев пен ежелгі Әулие ата жерінен (Жамбыл обл) Әлімтай Молдасейітов қол жеткізді.
Атжарыс жеңімпаздарына салтанатты жағдайда жүлделері табысталып, шабандоз балалар жеңіс тұғырында марапатталды. Облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембиев аламан бәйгенің жеңімпазы, шабандоз Бекзат Сәдуақасовқа Президент Кубогы мен 1-дәрежелі диплом, ат иесіне темір тұлпар кілтін тапсырды. Сол сияқты Қазақстанның Еңбек Ері, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Алматы облысының Құрметті азаматы Мұхтар Жүргенбаев, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұрапбек Шарапиев, Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев жорға, топ, құнан және тай жарыстардың жеңімпаздарына жүлделерін тапсырды.
Жанкүйердің делебесін қоздырған атжарыстар аралығында аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу сияқты өзге де ұлттық ат спорты ойындары да тамашаланды. Жігіттің білек күші мен астындағы аттың белі қатар сыналар аударыспақ та болды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.