Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтымыздың ұлы тұлғасы, Қазақстанды ұзақ жылдар бойы басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 106 жыл толып отыр. Осыған орай, халық кемеңгерін еске алу мақсатында республикамыздың барлық аймақтарында көлемді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ал, киелі Қарасай жеріндегі дәстүрлі той 22 тамызда ҚР ҰҚК-ін басқарған, осы тамаша адаммен қызметтес болған Амангелді Шабдарбаевтың бастамасымен өткізілді.
Ия, осы аптаның сәрсенбісінде «Ақсай» ипподромы мен «KHAMA PARK» мейрамханасына жиналған адам қарасы көп болды. Таудың етегінде орналасқан демалыс орны сахна сәнімен салтанат құрып, көркейе түскендей. Мұнда, Алматы қаласындағы Д.Қонаев музейінен әкелінген суреттерден ашық көрме ұйымдастырылып, 30 жыл ел басқарған асыл азаматтың өмірі, қызмет жолы ел назарына ұсынылды.
Дүйім жұрттың арасынан елімізге танымал тұлғалар мен қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары да көрінді.
Алғашқы сөз кезегі мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Нұрлан Оразалинге берілді. Сонымен қатар, құрметті қонақтардың қатарында Қазақстанның халық әртістері Тұңғышбай Жаманқұлов пен Алтынбек Қоразбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Шешенстан республикасының Халық батыры Рафаэль Ниязбек, Ақтөбе облысынан келген әкімдік өкілі Ахат Мурзалин және Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай және т.б. азаматтар болды. Сөйлеушілердің бәрі де, Дінмұхамед Ахметұлының атқарған ерен еңбектерін атап айтты.
Мұнан кейін тұлпар тізгінін ұстағандар екі түрлі бәйгеден сайысқа түсті. Аламан бәйге мен тай жарысын тамашалаған халық жас шабандоздардың өнеріне сүйсіне қарады. Нақты айтқанда, аламан бәйгенің бірінші орнына тігілген 4 млн. теңгені үшқоңырлық Әлнұр Назарбаев еншілесе, 2-орынды иемденген Фазол Әмірбаев «Нива» автокөлігін мінді, ал 3-орынды алған Мейірхан Бұлғашов 1 млн. теңгеге ие болды. Сондай-ақ, тай жарыс бойынша сынға түскен дүлдүлдерге де лайықты жүлде табысталып, онда 1-орынды Айсұлтан Серіков жеңіп алып, сыйлыққа түйені алып кетті. Осылайша бәйге де ерекше көңіл-күймен аяқталып, салтанатты жиын «KHAMA PARK» мейрамханасындағы дастархан басында жалғасын тапты. Бұл жерде халықтың сүйікті ұлының рухына арналып Құран бағышталды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.